Қостанайда 60 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда 60 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болды

15.12.2017

Қостанайда жаңадан бой көтерген 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған баспана кілттерін 60 отбасы иеленді. Құрылыстың негізгі инвесторы - «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы.

Қостанай қаласындағы «Әуежай» шағын ауданында кезекті қоныс тойы. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспана кілттерін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 60 салымшысы қол жеткізді. Олар «Бәйтерек Девелопмент» бағыты бойынша салынған тұрғын үй кешенінің алғашқы тұрғындары.

Дәурен Саудабаев, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ҚОФ директоры:

- Бүгін 486 пәтерден тұратын 6 үйді тапсырып жатырмыз. Баспананың 1 шаршы метрінің құны 148-153 мың теңге аралығында. Біздің банк салымшылары шоттарында пәтер құнының 30 пайыздық алғашқы жарнасын жинаса жеткілікті. Одан кейін жылдық ставкасы 5 пайызға тең қарыз алады. Сөйтіп, азаматтар тиімді шарттармен бес жыл бойы банкте жинаған қаражаттарының жемісін көре алады.      

Тұрғын үйлер заманауи жоба бойынша тұрғызылған. Құрылысқа тек экологиялық таза, сапалы материалдар қолданылды. Пәтер алып, қуанышқа кенелген жандардың бірі - Несібелді Шарафиева. Зейнеткерге баспананы балалары әперіпті. Енді келе жатқан Тәуелсіздік мерекесін су жаңа баспана тойлайтынын айтады.

Несібелді Шарафиева, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Жаңа үй алып жатырмын. Астында балам да үй алып жатыр. Бәріміз бір жердеміз. Өте қуаныштымыз. Жиһаз бәрін дайындап қойдым. Амандық болса, көшемін. Балалар көшіріп әкеледі ғой. Бәрін қоямыз, төсейміз. Қонағымызды шақырамыз.

Жалпы, «Әуежай» шағын ауданы болашақта қала орталықтарының бірі болмақ. Шағын қалашық тұрғындары кем дегенде 100 мың адамға жетуі керек. Осыдан бір айдан соң тұрғын үйлер маңына 900 орындық мектеп пен екі балабақша салынады. Зәулім спорт кешені де пайда болады. Жоба бойынша 2018 жылдың аяғына дейін мұнда 40-тан астам көпқабатты үй бой көтереді.

 

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу