Басты Жаңалықтар Қайтарылған активтер есебінен Зеренді ауылында заманауи спорт нысаны салынды

Қайтарылған активтер есебінен Зеренді ауылында заманауи спорт нысаны салынды

Ақмола облысының Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі салынды. Оған елге қайтарылған активтер есебінен 2,1 миллиард теңге бөлінген. Заманауи кешен спорт түрлеріне қажетті барлық құрал-саймандармен жабдықталып, білікті жаттықтырушылармен қамтамасыз етілген.

 Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Жаңа мектепте спорттың 10 шақты түрінен үйірме жұмыс істейді. Ең бастысы, барлығы тегін. Бұрын ауылда осындай заманауи база болмағандықтан, болашағынан үміт күттіретін балалар қалаға кетуге мәжбүр болатын, - дейді жаттықтырушылар. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. 

Бокс пен күрес залдары – заманауи спорт мектебінің басты мақтанышы. Еденге тайғанамайтын кәсіби боз кілемдер төселген. Бұл балалардың қауіпсіздігінің кепілі. Заманауи тренажерлар мен спорттық снарядтар – осының бәрі болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуге септігін тигізеді.

Ақылжан қазақ күресімен 4 жыл айналысып келеді. Ол заманауи кешенде кәсіби түрде жаттығу үшін көрші Айдабол ауылынан арнайы келіп жүр.

Ақылжан Асылтас, оқушы:

Біздің ауылда күрес залы өте кішкентай, бірақ мында Зерендіге келіп, маған мұнда өте ұнайды. Күрес залы өте кең. Киім ауыстыратын бөлмесі бар, душ бар. Маған өте ұнайды. 

Қазіргі таңда аудандағы спорт мектебінде 900-ге жуық оқушы жаттығып жүр. Жаңа мектептің арқасында тәрбиеленушілердің саны жыл санап артып келеді. Тек бір жылда 200-ден астам бала қосылған.

Қайырбек Қалибаев, Зеренді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:

Бұрын мектебімізде 7 спорт түрінен 644 оқушы шұғылданатын. Қазіргі уақытта 11  спорт түрімен 883  бала жаттығуда. Сонымен қатар жаттықтырушыларымыздың да саны көбейді.  Яғни, 14 жаттығудан 27 жаттықтырушыға дейін жеткіздік және жаттықтырушыларымыздың санымен сапасы да көтерілді. 

Облыс бойынша қайтарылған активтер есебінен 34 әлеуметтік ғимарат салынды. Оның екеуі спорт нысаны.

Бөлісу