Бұл жолы тіршілік нәріне Зайсан ауданының Қаратал ауылы тұрғындары қол жеткізді. Игі іс «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында тұрмыс-тіршілігін тіктеген ауылдардың саны артып келеді. «Бұл - Тәуелсіздіктің жемісі», - дейді тұрғындар.
Бахти Рахымжанованың Қаратал ауылында тұрғанына 40 жылдан асты. Осы уақытқа дейін суды даладағы құдықтан тасып ішті. Қазір үйге таза ауызсу тартылды, тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Бахти Рахымжанова, ауыл тұрғыны:
- Енді, міне, Елбасының арқасында Тәуелсіздіктің арқасында әр жерде ауылдарға жағдай жасалып жатыр. Ауылымызға су келді. Әр үйді сумен қамтамасыз етіп қойды. Ыстық су да, суық су да бар.
Қаратал ауылындағы су құбырлары сәуір айынан жаңартыла бастады. Ол үшін бюджеттен 418 млн-нан аса қаражат бөлінді. Тәуелсіздік күні қарсаңында құрылыс жұмыстары аяқталып, тұтас ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.
Қуатбек Абжанов, мердігер компания басшысы:
- Жоба бойынша бәрі жобаға байланысты толық істелді. Ауылдың бәріне құбыр толық тартылды. Барлық үйге тартылды.
Қазір Зайсан ауданында 40 мыңға жуық халық болса, олардың 82 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Жергілікті билік өкілдері келер жылы бұл көрсеткішті еселей түспек.
Темірбек Қасымжанов, Зайсан ауданының әкімі:
- Құжаттар өткізіліп, қазір қаражат бөлініп отыр. Бұл Шілікті ауылы. Оны 2018 жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Соның аясында келешекте бізде ауданымызда 95 пайыз халық орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, Зайсанда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша таяуда өңірде көп жылдан бері жөнделмеген кәріз желілері жаңартылып, пайдалануға берілді. Тартылған жүйелердің жалпы ұзындығы – қырық үш шақырымнан асады.
Зарина ҰЛЫҚБЕК