Алматыда жарымжан жандарға арналған баспана ашылды
Бұл елдегі алғашқы әлеуметтік жоба. Мұнда психологиялық ауруға шалдыққан науқастар мен жүйке-жүйесі сыр бергендер тұрады. Білікті дәрігерлер оларды емдеуге көмектесіп, өмірге дағдыландырады.
Диляра Қасымова балалар үйінде тәрбиеленген. Себебі, оны сәби кезінде анасы нан сататын дүкенде қалдырып кеткен. Содан бері жалғыз қалған әйел интернаттар мен уақытша баспаналарды паналап келіпті. Эпилепсия ауруына шалдыққан ол қазір 2-топтаты мүгедек ретінде мемлекеттен көмек қаржы алады.
Диляра Қасымова, 2-топтағы мүгедек:
- Мен ол кезде кішкентаймын. Жасым 7-де болатын. Ойнап жүргенде алып ит маған жармаса кетті. Қатты шошындым. Соның кесірінен осы ауруға шалдықтым.
Орталықта ауыр дертке шалдыққан мүгедектерге қолайлы жағдай жасалған. Психолог-дәрігерлер науқастарды қарап, қажетті дәрі-дәрмектерді уақытылы береді.
Мейіржан Отыншиев, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Мүгедектерге жылдан жылға қаражат бөліну ұлғайып жатыр. Келесі жылға да осы биылғы жылдағыдай ақша бөлініп жатыр. Яғни, мұндай орталықтарды дамыту бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз.
Жарымжан жандарға арналған баспананың ашылуы зор қуаныш. Себебі, олардың тезірек оңалып, отбасына оралуға мүмкіндік бар.
Роза Бадаева, қалалық Мәслихаттың депутаты:
- Бұл баспананың артықшылығы сол, қатаң тәртіпке бағынатын интернаттардың режимімен салыстырғанда мүгедектер мұнда еркін өмір сүреді. Сонымен қатар, біз оларды тігінші, аспаз, даяшы сияқты жұмысқа үйретіп, қоғамға бейімдейміз.
Қазір осы орталыққа орналасу үшін кезегін күткен 667 мүгедек жан бар. Ал, баспана небәрі 20 орынға арналған. «Сондықтан, мұндай мекемелерді көбейту қажет», - дейді мамандар.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы