Бағалы бұйымдарды сатушыларға айыппұл салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бағалы бұйымдарды сатушыларға айыппұл салынып жатыр

14.12.2017

Олар зергерлік заттарды дер кезінде сынама палатасында тексертпеген. Инвестиция және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті еліміздің бір топ жеке кәсіпкерлеріне заң бұзғаны үшін әкімшілік жаза қолдануда. Алайда, кәсіпкерлердің бұл жағдайға қатысты өз уәждері бар екен.

Баршынгүл Тұрсынбекқызының алтын мен күміс сатып жүргеніне 4 жылдан асты. Енді ол осы жалғыз табыс көзінен де айырылып қаламын ба деп қорқады. Себебі, бұйым сапасын анықтайтын мекеменің тексеру жасау үшін алатын құны қалтаға салмақ болып тұр. Кәсіпкер «бағалы металлдарда жасап шығарған кәсіпорынның сапа таңбасы тұр, оны қайта тексерудің қандай қажеттілігі бар?», дейді.       

Баршынгүл Мұхамеджанова, шағын кәсіпкер:

- Кеден одағы бар жерде оны екінші рет пломбалауға берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, бұл заттар зауыттан пломбаланып келген. Бұл біздің қалтамызға салмақ, 1 комплект тапсырсаң, 360 теңге шығады.

Ербол Сихимбаев, «Қазақстанның Ұлттық сараптау орталығы» АҚ Сынама палатасының маманы:

- Бағалар 1999 жылы КТРМ-мен бекітілген. Сол жылдан бері өзгермей келеді. Ол баға өте төмен. Ресейдің өзінде ол баға 4-5 есе жоғары.

2016 жылы қабылданған «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» Заңға сай кәсіпкерлер Ұлттық сараптау орталығының сынама палатасына барып, әр алтын бұйымды тексертуі керек. Алайда, құзырлы мекеме «кей кәсіпкерлер алтынның көп бөлігін жасырып қалады» дейді. Бұған кәсіпкерлер «заң бойынша үш күнде бітіруі тиіс жұмысты олар созып отыр», деген дау айтады.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, кәсіпкерлер әшекей бұйымдарды тексертуге құлықсыз. Соңғы бір айдың көлемінде осындай заңбұзушылыққа қатысты ел аумағында 15 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Мамандар мәселені былай шешуді ұсынады. 

Нұрболат Бекболат, ҚР ИДМ ТРМК Астана қаласы мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспектор:

- Келесі көрмеде ҚР аумағына келген шетелдік ұйымдармен саудаланатын асыл тастармен жасалатын зергерлік бұйымдарда арнайы сынамалық таңба болуға міндетті. Мұны сол көрмені Қазақстан тарапындағы ұйымдастырушы заңды тұлғалар өз келісімшарттарында міндетті түрде қарастырып, сынамалы таңбаның болуын қамтамасыз етуге міндетті.

Шағын кәсіпкерлер заңда көрсетілген талапты орындаудан қашпайды. Тек орындалу барысы мемлекеттік деңгейде қадағаланып, тығырыққа тіреліп тұрған мәселелердің шешілуін сұрайды. Оған құқылы да. Еліміздің экономикалық көрсеткіші шағын кәсіпкерлердің үлесінде екенін ұмытпаған абзал.

 

Әсел БАСШЫБЕК

Хабарламаларға жазылу