«Самұрық-Қазына» басым бағыттарын айқындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазына» басым бағыттарын айқындады

14.12.2017

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры өткен бес жылдық жұмысын қорытындылап, болашақтағы басым бағыттарын талқылады. Таунхолдер, яғни6 ұжымдағы басшы мен қарапайым қызметкердің ашық сұхбат алаңы форматында өткен жиында қордың корпоративтік құндылықтарын жетілдіру жайы кеңінен сөз болды. Трансформациялау процесі аяқталған соң қордың басқару моделі түбегейлі өзгермек.

Әріптестік, сыйластық, меритократия, біртұтастық және даму. Бұл - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының соңғы бес жылда қалыптасқан корпоративтік жүйесі. Трансформациялау аясында қор еншілес компаниялардың үстінен қарайтын артық әкімшілік құрылым емес, керісінше6 оларды ұзақмерзімді табысқа жетелейтін шағын холдингке айналды.

Арман Евниев, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Мемлекеттік секторда өзгерістер жол тауып жатыр. Мысал келтірсек, Бас прокуратурада осы жылдың басында жобалық кеңсе құрылды. Сол жерге жаңа мәдениет, жаңа көзқарас, жаңа пікір әкелді.

Қорда алдағы бес жылға арналған даму стратегиясы қабылданған. Онда трансформациялау жұмысын аяқтап, әлемдегі алдыңғы қатарлы корпоративтік басқару тәжірибесін енгізуге басымдық берілген. Бұл мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бүгінгі шарада кеңінен талқыланды.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Қор мен еншілес компаниялардың арасында, қор мен үкіметтің арасында қарым-қатынас жаңаша жолмен дамуы керек. Сол қағидаларды талқылау үшін осы таунхол дегенді жүргізіп отырмыз. Таунхол - ол барлық қызметкерлер бір жерге жиналып, күрделі мәселелерді талқылайтын жер.

«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылға қарай Ұлттық компаниялардағы өз үлесін барынша азайтып, тек технологиялық тұрғыдан дамыған компанияларға ғана инвестиция құймақ. Бұл мақсатты орындау үшін ұжым болып осындай ашық сұхбаттарды жиі ұйымдастырып тұрмақ.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу