Астанада Қазақстан патриоттары форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Қазақстан патриоттары форумы өтті

14.12.2017

«Туған жер! Туған тіл! Туған ел!». Осындай атаумен Астанада Қазақстан патриоттары форумы өтті. Іс-шара Елбасының «Рухани жаңғырудағы» идеяларын патриоттық күштерді біріктіру арқылы іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, форум аясында жыл патриоттары анықталды.

«Өлсек бір шұңқырдамыз, биіктесек бір төбедеміз». Форумға қатысқан 200 делегаттың ортақ ұстанымы - осы. Оның тең жарымы жастар. Барлығы әр саланың үздіктері. Олардың ұраны – «Отан үшін төгілмеген тер бекер, елі үшін еңбек етпеген ер бекер».

Жарқынбек Амантайұлы, форумға қатысушы:

- Сан-саладағы білікті азаматтардың басын біріктіріп, қала берді патриоттардың күшін біріктіру мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараның маңызы зор деп ойлаймын. Бұл келешек ұрпақ үшін де, аға буын мен кейінгі буын арасындағы сабақтастықты нығайту жолында да өте маңызды.

Форум барысында «Жыл патриоттары» анықталып, салтанатты түрде құрмет белгісі тапсырылды. Барлығы 30 адам «Туған жерім - ғұмырым», «Туған тілім - тұғырым», «Туған жерім - қыдырым» аталымдары бойынша марапатталды. Құрмет көрсетілерде үздіктердің жыл бойғы еңбегі ескерілген.

Асхат Оралов, жыл патриоты:

- Бүкіл «Жастар саясаты» басқармасының жетістігі деп есептеймін. Неге десеңіздер, жаз бойы басқарма ұжымы «ЭКСПО» еріктілерінің штабын құрып, 1500 адаммен белсенді жұмыс атқарды. Жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын. Болашақта да елордамыздың, еліміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Жалпы, патриоттар форумына әр өңірден он-оннан делегат қатысты. Әркім өз аймағына барғаннан кейін, жастарды жинап, алған әсерлерімен бөлісетін болады. Жыл сайын өтетін шара соңы керемет концертке ұласты.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу