Басты Жаңалықтар Президент жолдауының негізгі бағыттары талқыланды

Президент жолдауының негізгі бағыттары талқыланды

Цифрландыру мен жасанды интеллект шығармашылыққа тың серпін беріп, мәдени мұраны көпшілікке кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Алматыда зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесуінде айтты. Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланып, онда көтерілген бастамалардың іске асыру жолдары қозғалды.

Айболат Нығметжанұлы, Алматы қаласы Студенттер альянсының төрағасы:

Біз, жастар, ХХІ ғасырдың технологияларын ұтымды пайдаланып, жасанды интеллект, цифрландыру, киберқауіпсіздік – барлығын бір арнаға тоғыстырсақ, еңбек етіп, осы салада әрі қарай өзіміздің Қазақстанды дамытамыз деген ойдамын.

Гүлдана Мәмбетқызы, Қалалық балалар ғылыми музейінің қызметкері:

Инфрақұрылым болсын, білім беру болсын, өңірлік даму болсын, оның барлығы болашақта еліміздің, Қазақстан тұрғындарының өмірін жақсарту мақсатында болып отыр. Біз бүгін қабылдаған шешімдердің барлығы болашақ ұрпақтың тұрмыс-тіршілігін, білім алуын жақсартуы тиіс.

Кездесуде «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері де айтылды. Министрдің сөзінше, бастама қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал еткен. Бүгінде арнайы платформаға 1 миллион 400 мыңнан астам адам тіркеліп, 850 мыңға жуық кітап оқылды. Ал Ұлттық кітапханаға соңғы алты айда 26 мыңнан астам жаңа оқырман келді. Оның 24 мыңнан астамы – жастар.

Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Менің ойымша, ұлтымыздың болашағы зор. Мүмкіндік қолымызда. Қашаннан да оқуға, білімге құштар елміз ғой. «Оқы, оқы!» деп айту керек. Заман өзгеріп бара жатыр, технология өзгеріп бара жатыр. Оқымаса, жастар ешнәрсеге үлгермеуі мүмкін. Ал мына мәліметтерге қарасақ, үміттің үлкені бар деген сөз.

Жиын соңында Арман Қырықбаев Ұлттық кітапхананың жұмысымен танысты. Оқырман сұранысының артқанын ескерген министр кітапхананың жұмыс уақытын ұзарту туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Енді руханият ордасы түн ортасына дейін қызмет көрсетеді. Жастардың пікірінше, бұл шешім кітап оқуға ниетті қала тұрғындарына қосымша мүмкіндік беріп, оқу мәдениетінің дамуына оң әсер етеді.

Бөлісу