Қаржы саласындағы жаңа өзгерістер
Елімізде инфляция бір жыл бойы баяулап, 9,2 пайызға дейін төмендеді. Дегенмен Ұлттық банк бағаның өсу қарқынын 2028 жылға қарай 5 пайызға түсіруді көздеп отыр. Сондай-ақ бас банк қаржы саласында халықтың қалтасына тікелей әсер ететін жаңа өзгерістерді енгізбек. Қаржыгерлер конгресінде қаузалған осы және өзге де жаңалықтарды әріптесім Әйгерім Ердәулет тізіп шықсын.
Қаржы саласындағы өзекті мәселе интернет - алаяқтық. Енді алаяқтардың өзгенің атынан жасырын шот ашуына тосқауыл қойылмақ. Ол үшін «Стоп-кредит» қызметіне ұқсас жаңа тетік әзірленіп жатыр. Азамат арнайы қызмет арқылы өз атына жаңа банк шоты мен карта ашуға тыйым сала алады. Механизмді Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірлесіп әзірлеуде. Ал әзірге Ұлттық Антифрод орталығының көмегімен соңғы бір жылда интернет-алаяқтық деректері 26 пайызға азайған.
Ерлан Ашықбеков, ҚР Ұлттық банкі төлем жүйелері және цифрлық қаржылық технологиялар департаментінің басшысы:
Банктердің өзара іс-қимылын біріктіретін ұлттық Антифрод орталығын іске қостық. Жалпы, ұлттық антифрод орталығы бар, банктердің соңғы кезде жасаған алаяқтыққа қарсы әрекеттерінің барысында біз 132 миллиард теңгенің шамасында құрайтын алаяқтықтың алдын алып алдық. Яғни, банк клиенттерінің осы 130 миллиард теңге көлеміндегі қаражатын сақтап қалуға осы алдын алу шараларының арқасында мүмкін болды, алаяқтардың жолын кесуге. Осы соңғы бір жарым жылдың көлемінде.
Қаржы нарығындағы тағы бір жаңалық- токенделген бағалы қағаздар. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл акциялар мен облигациялардың электронды нұсқасы. Оларды арнайы цифрлық платформа арқылы сатып алуға болады. Қарашада Ұлттық банк алғаш рет 10 миллиард теңгенің нотасын осындай форматта шығарды. Ал келесі жылы мемлекеттік облигацияларды да токендеу жоспарланып отыр. Бұл технология қаржы операцияларының ашықтығын арттырып, бөлінген ақшаны бақылауға мүмкіндік береді.
Мақсат Халық, экономист:
Блокчейн технологиясының үлкен артықшығы - оның цифрлық ізінің сақталуы. Мемлекет тарапынан мемлекеттік сатып алулар жүріп жатса, тіпті «Самырұқ-Қазынаның» өзінде де үлкен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырып жатса да, я болмаса мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақыларды бөлу тұрғысынан болсын, оның нақты кімге бара жатқанын көру үшін осы токендік технологияларды дамыту арқылы жасауға болады.
Ал банктерге енді экономиканы дамытуға көбірек атсалысу міндеті қойылып отыр. Қаржы нарығын реттеу агенттігі энергетика мен коммуналдық желілерді жаңартуға ұзақ мерзімді несие беру жолдарын қарастыруда. Бұл үшін зейнетақы қорының қаражатын пайдалану тетіктері де жетілдірілмек. Алайда зейнетақы ақшасы жобаларға тікелей берілмейді.
Нұржан Нұрғазин, ҚР Ұлттық банкі монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары:
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тікелей экономиканы қаржыландырмайды. Ол әртүрлі қаржы құралдарын пайдаланып нарық жүзінде осы облигацияларға инвестициялайды. Квазимемлекеттік компаниялар және екінші деңгейлі банктер тартылған қаражатты алып, экономикаға тікелей жібереді. Ұлттық банктің негізгі мақсаты БЖЗҚ активтерін басқарғанда - активтерді сақтау және ұзақ мерзімде оның табыстылығын жоғарылату. Әрине Ұлттық банк өз жауапкершілігін біліп отыр. Келесі жылдан бастап Ұлттық банктің зейнетақы активтерін сақтандыруын жүзеге асырады. Сондай жаңа бап пайда болады.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Қаржы нарығына шетелдік банктерді тарту жұмысы да жалғасуда. Мәселен, бүгін Abu Dhabi Commercial Bank-ке толыққанды банктік лицензия берілді. Бұған дейін ол Қазақстанда тек исламдық қаржы операцияларын жүргізсе, енді банктік қызметтің барлық түрін көрсете алады. Айта кетейік, биыл бизнеске берілген несие көлемі бір жылда шамамен 12 пайызға өсіп, 16,4 триллион теңгеге жеткен. Ал халыққа берілген несие 4,3 пайызға азайыпты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы