Қазақстанда электронды виза енгізу қажет. Бұл туралы бүгін Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтты. Оның сөзінше, туризм бойынша Қазақстанның бәсекеге қабілеті төмен. Яғни, халықаралық рейтингте еліміз 136 мемлекеттің ішінде 81-орында тұр. «Оның себебі – виза жүйесінің қиындығында, яғни, миграциялық карталардың әлі күнге дейін қолданылуында», - дейді вице-министр. Мысалы, электронды визаны енгізу нәтижесінде Әзірбайжанда туристер саны 3,5 есеге артқан. Жалпы, елімізге 65 мемлекеттің азаматтары визасыз кіре алады. Туризм бойынша кеңестің отырысына өзге өңірлік туризм басқармасының өкілдері де келіп, аймақтардағы туризм саласының дамуымен таныстырды.
Жасұлан Сәрсебаев, ШҚО Сыртқы байланыс және туризм басқармасының басшысы:
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2 жылдың ішінде туристік бағыттағы жолдарға жөндеу мәселесіне 4 миллиард ақша бөлінген. Тағы да айта кететін бір үлкен жоба – Алакөл жағалауын абаттандыру жұмысына жарты миллиардқа жұмыс жасалды. Келесі жылға 800 миллионнан астам осы бағытқа бюджеттік жоспарымыз бар.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ