Президент Бас мүфтиді қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Бас мүфтиді қабылдады

13.12.2017

Ислам негіздерін халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдау барысында айтты. Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Бас мүфтиді лауазымды қызметке тағайындалғанымен құттықтап, кейін дін саласында атқарылуы тиіс мәселелерді талқылады. Президент Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арқылы діни қатынастар саласын реттеуде мемлекет ерекше рөл атқаратынын айтты. «Ведомство дінге қандай да бір шектеу қою үшін құрылған жоқ. Министрліктің мақсаты - дін саласында тәртіп орнату»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Тәуелсіздік күні қарсаңында Сізді осындай жоғары лауазымға сайлануыңызбен құттықтау үшін шақырдым. Тәуелсіздіктің арқасында дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ата-бабамыздың дінін ұстану мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет тарапынан кез келген азаматтың діни бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды.

Хабарламаларға жазылу