Петропавлдағы көпқабатты 2 үйдің тұрғындары жылуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдағы көпқабатты 2 үйдің тұрғындары жылуға жарымай отыр

13.12.2017

Қар жауып, аяз қысқанда  Петропавлдағы көпқабатты 2 үйдің тұрғындары суық пәтерлерде бүрсең қағып отыр. Үйдегі температура 16 градустан аспайды. Жергілікті билік өкілдері пәтер иелерінің өздеріне кінә тағып отыр. Қыс келгенде жылусыз қалған қызылжарлықтармен тілшіміз жүздесіп келді.   

Бұл пәтерді тоқпеш қана жылытып тұр. Құрылғыны қосқанның өзінде термометр көрсеткіші 16 градустан әрі көтерілмейді. Руслан Бачаевтың жұбайы кенже ұлымен ауруханада жатыр. 10 айлық баласына суық тиіп, өкпесі қабынған. 

Руслан Бачаев, қала тұрғыны:

- Үйде отыру мүмкін емес. Кейде туыстарымыздың үйіне барып қонамыз. Бала болған соң, еңбектегісі келеді. Еден суық. Тоқпешке күйіп қала ма деп те қорқамыз. Енді міне, ыстығы көтеріліп, ауруханадан бірақ шықты.

Партизан көшесі бойындағы бұл үйлерде 100-ден астам пәтер болса, солардың бәрінде осы жағдай.

Баян Жұмалин, қала тұрғыны:

- Пердені көтеріп қоямыз. Батареядан жылу шықсын деп. Терезе буланып терлей береді. Киіммен жүреміз. Осындай жағдайға душар болдық. Үш ай болды.

Пәтер иелері жылыту жүйесіне жауапты мекемеге әлденеше рет шағым түсірген. «Петропавл жылу Желілері» серіктестігі толтырған актіде үйлердегі ауа температурасы 16, 19 градус деп жазылған. Талап бойынша кемінде 20 градус жылы болуы шарт. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инспекциясы мамандарының өз уәжі бар.   

Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясының жетекшісі:

- Барлық пәтерлерге бардық. Температура 20 градустан төмен болған жоқ. Ол кезде сорғылар істен шыққан болатын. Сорғылар жөнделді температуралық режим қалыпты. Жыл сайын жаз мезгілінде аталған үйлерге барып, ескерту жасаймыз. Үйді жылыту маусымына дайындау керектігін айтып, жиналыс та өткіздік. Қосымша насос орнату керек. Тұрғындар оны түсінбейді. 

Петропавл қалалық әкімдігінің қызметкерлері де «жылу берілді, басқа шара қолданылмайды» деп қысқа қайырды. Демек, 100-ден аса пәтер тұрғындарына 6 ай қыста жылытқыш пештермен ғана жан бағуға тура келетін сыңайлы.

 

Эльмира КӘЛЕНОВА

Хабарламаларға жазылу