Елордада қалың қар жауды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада қалың қар жауды

11.12.2017

Елордада ауа райы күрт өзгерді. Түнімен жауған ұлпа қардың соңы бет қаритын аязға ұласты. Салдарынан жол бетіне мұз қатып, көшелерде көлік кептелісі туындады. Коммуналдық қызмет түрлері күні-түні тынымсыз жұмыс істегенімен, қалың қарды сыртқа шығарып үлгере алмай жатыр. Мұндай ауа райы қанша күнге жалғасады?  Тілші бейнематериалы.

Бір түнде жауған ұлпа қар тұрғындармен қоса, қар тазалаушы мамандарды да әбден әбігерге салды. Кешелі бері шаһар бойынша 1176 техника көше тазалауға шықты. 2000-нан астам адам көлік кептелісін болдырмау үшін күні-түні жұмыс істеп жатыр.

Боранбай Болатбеков, «Астана-тазалық» ЖШС бас директоры:

- Өткен түні 42000-нан аса куб қар шығардық. Тайғанақ болмасын деп құм мен тұз аралас 550 кубтай шаштық. Мектеп, бала-бақша, ауруханаларға жол ашық.

Ал, Қазгидрометтің болжамына сүйенсек, мұндай ауа райы алдағы бірнеше күн бойы сақталады. 

Мадина Алтаева, инженер-синоптик:

- Астана қаласы бойынша 12,13,14 желтоқсанда жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Түнде 22 градус, күндіз 13-15 градус. Ал, Алматыда түнде 12 градус, күндіз 2-4 градусқа дейін төмендейді.

Мамандар алдағы күндері тек орталық Қазақстанда ғана емес, Республиканың шығысы мен батысы және солтүстік аймақтарда да қалың қар түседі деген болжам айтуда.

Хабарламаларға жазылу