Челябинск облысындағы «Росатом» корпорациясына тиесілі «Маяк» кәсіпорнын зерттеген ведомствоаралық комиссия қоршаған ортадан рутенийдің шектен тыс мөлшерін тапқан жоқ. Өндіріс орны да қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл туралы бүгін Мәскеу қаласында өткен баспасөз-мәслихаты кезінде комиссия өкілдері мәлімдеді. Мамандар қыркүйек-қазан айлары аралығында бірқатар Еуропа елдері мен Ресейдің Оңтүстік Орал аймағында байқалған рутений мөлшері «атмосферада жанып кеткен жер серігінен таралған болуы мүмкін» дейді. Алайда, бұл тек болжам ғана. Осылайша, рутениqдің қайдан таралғаны белгісіз болып тұр. Енді бұл мәселені түпкілікті зерттеу үшін Ресей Үкіметі тағы бір комиссия құрмақ.
Естеріңізге сала кетейік, шамамен осыдан бір ай бұрын бірқатар Батыс елдерінің ақпарат құралдары «Еуропаны Ресейден немесе Қазақстаннан келген радиоактивті бұлт торлады» деп хабарлаған. Алайда, еліміздің Энергетика министрлігі радиоактивті рутенийдің Қазақстанда шығарылмайтынын және қолданыста да жоқ екенін мәлімдеген.
Рафаэль Арутюнян, РҒА Атом энергетикасының қауіпсіз даму проблемасы институты директорының орынбасары:
- Егер ауада зиянды заттардың болмашы ғана концентрациясы байқалса, оны енді детективтер зерттеу керек шығар. Себебі, адамға немесе қоршаған ортаға залал келетіндей заттар таралса, онда барлық елдің радиациядан қорғану қызметтері өре түрегелер еді. Біз байқаған рутений мөлшері арнайы зерттеуге немесе шара қолдануға болатын мөлшерден мың есе төмен. Сондықтан, жұртты дүрліктіруге негіз жоқ.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ