Басты Жаңалықтар Астанамен бірге өскен Әлімқұловтар отбасы

Астанамен бірге өскен Әлімқұловтар отбасы

Осы ұлы көшпен бірге Алматыдан Әлімқұловтар отбасы да Астанаға қоныс аударды. Тура 20 жыл бұрын. Қақаған аязда киім-кешегімен бірге жауапкершілік жүгін арқалап келген олар сол сәтті ерекше сезіммен еске алады. Қызығы мен шыжығы мол жылдар жайлы Әлімқұловтар әулеті тілшіміз Альбина Әшімге әңгімелеп берді.

- Пойыздан түскенде 30 градус суық болып тұрды, адам ұшырып әкететіндей жел болды.

20 жыл бұрынғы сәт осылай есте қалған. Алғашқы жылдары Әлімқұловтар отбасы осы орталықта жиі серуендейтін. Суретке де шамамен 20 жыл. Елордамен бірге отбасы да өзгерді, өсті, өркендеді. Фотодағы кішкентай қыздар студент болды. Алматыда оқып жүр.

Қадыр Әлімқұлов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ол кездері «Кооператив» дейтін дүкендер, қаптаған аптека болатын, басқа ешнәрсе жоқ. Бір ауыл ғана сияқты еді. 

Астананың кешегі бейнесі осындай еді. Ал, оның арман қалаға айналуына әр отбасының сіңірген еңбегі зор. Сол кездері Президент Әкімшілігінде қызмет еткен Қадыр Әлімқұловқа маңызды да салмақты міндет артылады: жаңа астанада қазақ тілінің аясын кеңейту.

Қадыр Әлімқұлов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл жерде 18 пайыз қазақтар болатын. Автобустың ішіндегі 60 адамның екеуі-ақ қазақ болатын. Қазір керісінше. Мен құжаттардың қазақ тілінде дұрыс шығуын бақыладым. Терминдерді жасадым. Іс жүргізу саласындағы терминологияны қалыпқа қойдым. Алғашқы сөздік, анықтама шығарған адаммын. Іс жүргізу бойынша 31 томдық сөздік шықты. Сол редколлегияға кірдім.

Бұдан бөлек, 20 шақты кітабы жарыққа шыққан. Мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүрген Қадыр ағаның бойында талай өнер тоғысқан. Өзі журналист, суретші, ақын, жазушы, сазгер, әрі әнші.

Берекелі, мерекелі отбасы дастархан басында Астанадағы алғашқы әсерлерін еске алды. Сол кездегі суық, жат қала бүгіндері ыстық ұяға айналды.

- Ол кезде үй де жоқ, жатақханада тұрғанбыз. Жұмыс орындар да жөнді орналастырылмаған.

- 20 жылда Астананың қалай өскенін көрдік, өзімізге ұнайды.

3 ұлдан тараған 10 немеренің 9-ы астаналық. «Ұлы көштен қалыспаудың себебі де - келер ұрпақтың қамы», - дейді отағасы.

Қадыр Әлімқұлов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- «Бұл да бір ғасырлардың ертегісі, мәнісін түсінбейді келтек ісі. Немеремді орадым ақ боранға, қасиетті қазақтың ертеңі үшін» деп жыр жазғанмын. Сол менің Астанаға келуімді айқындаған кредом.

 

Альбина ӘШІМ

Бөлісу