Басты Жаңалықтар Қызылорда обласында шағын шаруашылықтар кооперативке бірікті

Қызылорда обласында шағын шаруашылықтар кооперативке бірікті

Шағын шаруашылықтар кооперативке біріксе, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бар, қаржылай демеу болады. Яғни, жеңілдетілген несие мен инвестициялық субсидияға қол жеткізуге, техниканы жаңартуға мүмкіндік мол. Биыл республика бойынша 448 кооператив құрылса, оның 94-і Қызылорда облысына тиесілі. Соның бірі - Сырдария ауданы Ақжарма ауылындағы «Ақжарма инвест» кооперативі.

Ауылдағы 23 адам бір құрылымға бірікті. Барын ортаға салды, мүмкіндік артты, жұмыс ауқымы көбейді, табыс молайды. 

Қайрат Нұрсейітов, «Ақжарма Инвест» кооперативінің төрағасы:

- Мемлекеттің қолдауларын толық пайдаланып отырмыз. «Сыбаға» бағдарламасымен мал алдық, қазір малдың санын көбейттік. Кооператив құрылып, 23 адамға жұмыс берілді. Малдарын бордақылап, қазір бағып жатыр.

Бордақыланған түліктің етін өткізу мәселесі де шешілді. Мал сою бекеті салынып жатыр. Ол үшін «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» жеңілдетілген несие алды.

Ал, мынау тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыт. Қытай технологиясымен жұмыс істейді. Биыл 1440 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 70 центнерден өнім алған кооператив дақылды әбден сұрыптап, тазартып, экспортқа шығарады. 

Гүлжәмила, Тоқжанова, зертханашы:

- Лидер, Фаворит, Янтарь деген күріштерді зауытта күндізгі ауысымда 15 тоннадан, кешкі ауысымда 15 тоннадан ақтап шығарамыз. Күрішіміздің сапасы өте жақсы. 

«Ақжарма Инвест» енді сүт бағытында да жұмыс істейді. Жақын күндері сүт қабылдау бекетін іске қоспақ. Сүттен қаймақ пен сүзбе, йогурт әзірлеу жоспарланып отыр. Қазір тасы өрге домалаған Ақжармада жұмыссыз адам жоқ. Барлығы шаруашылықта еңбек етеді. Шаруашылық есебінен жас мамандарға үй салынып берілді. Көмекті қажет ететін отбасыларына қолдау бар. Мешіт пен пошта ғимараты бастан-аяқ жөнделді. Ал, ауылда жаңадан ашылған әлеуметтік дүкеннен тұрғындар азық-түлікті арзан бағамен алады.

Құрман Ысқақов, Ақжарма ауылының тұрғыны:

- Ауылда үлкен монша салды. 150 орындық. Моншаға жетпіске келген адамдарды аптасына бір мәрте тегін түсіреді. Ол халыққа үлкен көмек. Дүкен салды. Көктемде алаң гүлге толады. 

Алғашында бірігіп тірлік жасау дегенді шаруалардың көбі құптай қоймағаны рас. Дегенмен, кооператив құрып, үлкен қолдауға ие болған еңбеккерлердің «біріккен жерде береке болатындығына» көзі жетті.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу