Қазақстан - Ресейдің тату көршісі әрі сенімді досы - Ресей азаматтары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан - Ресейдің тату көршісі әрі сенімді досы - Ресей азаматтары

07.12.2017

«Қазақстан - Ресейдің тату көршісі әрі сенімді досы». Көрші ел азаматтарының 57 пайызы осындай пікірде. Бұл туралы Мәскеу қаласында өткен баспасөз-мәслихаты кезінде, бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мамандары мәлімдеді. Олардың айтуынша, қараша айында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі, жыл өткен сайын еліміздің және Қазақстан басшысының көрші елдегі беделінің артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Мәселен, «ТМД Президенттерінің қайсысына көбірек сенесіз» деген сауал кезінде Ресей азаматтарының 62 пайызы Александр Лукашеноконы таңдаса, 56 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты атаған. Ресейліктердің пікірінше, ТМД-дағы «ең тұрақты және қарқынды дамып жатқан мемлекеттер» де Беларусь пен Қазақстан болып отыр. Бұл әлеуметтік зерттеуге, Ресейдің әр өңірінен барлығы 1200 адам қатысқан.  

Елена Михайлова, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының арнайы бағдарламалар директоры:

-  Қазақстан соңғы 3 жылдан бері, «ТМД-дағы тұрақты, қарқынды дамып жатқан мемлекет», «Ресейдің ең сенімді одақтасы» және «Ел Президенттің беделі» сияқты бірнеше параметрлер бойынша көшбасшы мемлекеттердің бірі болып келеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының жемісі деп ойлаймын. 

Дмитрий Журавлев, Аймақтық проблемалар институтының директоры:

- Ресейліктердің сенім рейтингінде Александр Лукашенко мен Нұрсұлтан Назарбаевтың көш бастап тұрғаны заңды құбылыс. Дегенмен, Беларусь басшысының бірінші орында тұрған себебі, біздің азаматтар Ресей мен Беларусь арасындағы одақтас мемлекет туралы, жалпы көрші елмен арадағы мәдени- тарихи байланыстарды жақсы біледі. Бір сөзбен айтқанда, бұрыннан қалыптасқан көзқарас басым болып тұр. Ал, егер бұл сауалнаманы Челябинскіде немесе Омбыда өткізсек, сөзсіз Қазақстан бірінші орынға шығатын еді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу