Ақтөбеде «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасының «Газ құрғату қондырғысы» іске қосылды. Жоба Ресей, Қытай мен Өзбекстанға тасымалданатын газ транзитінің экспорттық көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Газ қоймасының тиімділігін арттырады. Кешен Астанада Елбасының қатысуымен өткен телекөпір кезінде іске қосылды.
«Бозой» жер асты газ сақтау қоймасының ел үшін стратегиялық маңызы зор. Қыста көгілдір отынға сұраныс мейлінше арта түседі. Тапшылық сезілген жағдайда жаз бойы жиналған 3 млрд. текше метр газ оңтүстік және батыс өңірлерге ауқымды мөлшерде жіберіле бастайды. Қайта жаңғырту арқылы нысанның тиімділігі артып, газ тасымалы тұрақтана бастады. Елбасы іске қосқан жаңа газ құрғату қондырғысы бұрын-соңды қолданылмаған.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
- Қысқы кезде оңтүстіктегі қазақтардың бәрі тоңып-жаурап, «қайдан газ аламыз», деп бәріміз Үкімет болып, ел болып сұрап жүрдік. Мінекей, қазір содан шығу үшін біз бұл мәселені шештік. Мына құбыр өте қажет, тек қана елді газдандыру емес, экспортқа шығаратын газға ие болдық. Сондықтан, ел үшін өте маңызды нәрсені шештіңіздер, сол үшін ризашылығымды сіздерге айтамын. Жақсылық тілеймін, еңбектерің табысты болсын! Жіберіңдер, қосыңдар!.
Жаңа қондырғы газды бөгде қоспалар мен ылғалдан халықаралық стандарттарға сай тазартады. Сондай-ақ, өнім көлемін ұлғайтып, көгілдір отынды өндіруге кететін уақытты үнемдеуге де мүмкіндік бермек. Ең бастысы, тұтынушыға енді сапалы отын жеткізіледі.
Жадырасын Кенжебаев, Арал тораптық-өндірістік басқармасының басшысы:
- Қондырғының бар қуаты 27 миллион текше метр. Жер астындағы қоймадан газды алып, құрамындағы ылғалды құрғатып, құбыр арқылы халыққа таратылады.
Бұдан былай «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралі арқылы Ақтөбе облысы мен оңтүстіктегі елді мекендерге жеткізілетін газ тасымалының қарқыны арта түспек. Отандық нарықпен қоса қазақстандық өнім шетелге экспортталады.
Мұқатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:
- Мұның ерекшелігі қоймадан шыққан газды халықаралық стандарт бойынша тазалауға, шет елдерге экспорттауға үлкен септігін тигізеді.
Бірегей кешен – «ҚазМұнайГаз» компаниясының «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы жүзеге асырған инвестициялық жоба. Бұл Қазақстанның газ саласындағы алғашқы ірі инфрақұрылымдық нысаны. Жобалық газ сақтау көлемі 4 миллиард текше метр.
Райгүл ЕНШІБАЙ