«Бейнебәйге» сайысына дауыс беру басталды
Алдыңғы эфирлеріміздің бірінде ең үздік бейнежазбаға байқау жарияланғанын айтқанбыз. Сол уақыттан бері «Бейнебәйге» сайысына 1500-нан астам азаматтың жұмысы қабылданған. Солардың ішінен 60 үміткер таңдалды. Ал, 8-желтоқсанға дейін 11 номинация бойынша жас және кәсіби бейнеблогерлер арасынан үздік шыққандар анықталады. Қазір әр номинацияға 5-6 бейнеблогердің еңбегі іріктелді. Енді оған халықтың дауыс беру кезеңі жүріп жатыр. Айта кетейік, байқаудың бас жүлдесіне 5 миллион теңге тігілді.
Андрей Фендриков «Бейнебәйгенің» белді қатысушысы. Себебі, ол сайысқа 3-жұмысын өткізген. Оның ішінде 2 туындысы іріктеуден өтіп, ең үздік бейнежазба бойынша байқауға түсіп жатыр. Көпшілік бейнеблогерді «Ақын Ақынович» деген лақап атпен таниды. Себебі, ол домбырада ойнап, бірнеше тілде ән айтады.
Андрей Фендриков, бейнеблогер:
- Егер мен осы сайыста жеңімпаз атансам алған қаржыны қайырымдыққа жұмсаймын. Мәселен, Талдықорғандағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мектепке жаңа музыкалық аспаптар сыйлар едім.
Осылайша, ағынан жарылған жас талант елдің интернет жүйесін дамытуға атсалыспақшы. Бұдан бөлек, «Ютуб» каналында 700 мыңға жуық көрермені бар бейнеблогерлер де мұраты осындай. Олар да жасампаз жастардың көбейіп, ғаламтордағы Қазақстанның әлемдік рейтингін көтеруге үлес қосқанын қалайды.
Руслан Висингереев, бейнеблогер:
- Мен кәсіби бейнеблогер ретінде осы саланы меңгеруге бел буған жастарға тек өзіңе ұнайтын дүниені жасауға кеңес беремін. Менің ойымша, жүрекпен жасалған туынды әрдайым көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді.
«Бейнебәйге» жобасына қызығушылық танытқан жастардың қатары қалың. Десек те, өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталды. Қазір «Жас блогер», «Ең үздік Youtube 2017 жобасы», «Youtube»-тағы ең үздік телеарна және Beeline-ның арнайы номинациялары бойынша халық дауыс беруде.
Павел Крутских, «Beeline» компаниясының PR-менеджері:
- Бейнебәйге сайысының нағыз қызған кезі. Қазір 20,000-нан астам адам сайыскерлерге дауыс берген. Біз шорт-листтің ішінен жасампаз әрі ең қызықты, ерекше туындыларды таңдадық.
Қазақтілді бейнеблогерлер легін арттыру - ұйымдастырушылардың ұстанымы. Сондықтан, қазылар алқасына жастар арасында танымал Әсел Сәдуақасова, Ержан Рашев, Нұртас Адамбай сынды шығармашыл жандар кірген.
Самсон Безмятежный, «Genesis Youtube» компаниясының директоры:
- 9-желтоқсан күні біз бәріміз бірге интернетті жақсартамыз.
Енді жеңімпаздар анықталатын күн де алыс емес. Оған дейін халық қалаған бейнеблогерге дауыс беруі керек. Ал, 9-желтоқсан күні үздік бейнеблогерлерді марапаттау кешіне ресейлік интернет жұлдызы Макс Голополосов келіп, өнер көрсетеді.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы