The Banker нұсқасы бойынша әлемнің 141 мемлекетіндегі үздік қаржы институттары анықталып отырады. Таңдау банктің серпінді дамып, инновациялық технологияларды қолданып және стратегиялық жобаларды іске асыруына байланысты жасалады. Financial Times тобына кіретін журналдың сыйақысын алу банктер үшін зор мәртебе деп есептеледі.
Биыл еліміздің банк жүйесіне оңай соққан жоқ. Біраз қаржы институттары мемлекеттің түрлі қолдауына мұқтаж болды. Ал, бірқатары салымшылар мен қарыз берушілер алдындағы міндеттерін шығынсыз орындау сынағына ілікті. Яғни, банк өтімділігі мәселесімен бетпе-бет келді. Тағы басқаларына капиталдарының жеткіліктілігі жөнінде сұрақ туындаған. «Forte Bank» сол қиындықтардан қиналмай шыққандығын айтады.
Мағжан Әуезов, «Forte Bank» АҚ басқарма төрағасы:
- Осы жағдайда «Forte Bank» жақсы нәтижелер көрсетті. Капитал деңгейін сөз етсек, елімізде біз алғашқылардың қатарындамыз. Біз күрделі кезеңнен сүрінбей өттік. Көптеген көрсеткішке сай биыл қаржылық жағынан 30-дан 50 пайызға дейін өсім бар. Сондай-ақ, біздің мобильдік қосымшамызды қолданушылар саны артқан. Бір жылда 5 есеге көбейген.
The Banker журналы 1926 жылдан бері шығады. Банктер үшін онда жариялану зор мәртебе. Себебі, қаржы институттарының әлеуетін жеке талдаушылар емес, жаһан нарығын қадағалап отырған сарапшылар анықтайды.
Мағжан Әуезов, «Forte Bank» АҚ басқарма төрағасы:
- Банк саласындағы оң өзгерістер біздің тұтынушылардың талабына қарай жасалады. Көшбасшылықты ұстап тұру немесе соған талпыну үшін алдымен тұтынушылардың қалауын байқауымыз керек. Сол себепті, әріптестерімді құттықтай отырып, тұтынушыларымызға рақмет айтамын. Оларға жеңіл, жылдам әрі сапалы қызмет түрін көрсетуге мүдделіміз.
Биыл «Forte Bank»-тің негізгі қаржылық көрсеткіштері өскен. Актив мөлшері 14 пайызға жуықтаса, несие қоржыны 13, ал, депозит қоржыны 17 пайыздан асқан. Сондай-ақ, банк бірте-бірте цифрлық жүйеге көшу арқылы тұтынушылар мен сервистік қызметке технологиялық алаң құруды жоспарлап отыр.
Нысаналы ЫҒЫЛ