«Астана дарыны-2017» байқауының жүлдегерлері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана дарыны-2017» байқауының жүлдегерлері марапатталды

04.12.2017

Жеңімпаздар «Жыл волонтері», «Жыл студенті» және жастар саясаты бағытындағы «Үздік үкіметтік емес ұйым» сынды 16 аталым бойынша анықталды. Қатарластарынан оза шапқандарға қала әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйлықтар берілді.

Талантты жастар Бейбітшілік және келісім сарайында марапатталды. Озық шыққандардың осалы жоқ. Бірі өнер, ғылым, спорт саласында олжа салып жүрсе, енді бірі қоғамдық жұмыстың белсендісі. Оның үстіне қазылар 16 аталымның жеңімпазын екі жүздей жүйріктің ішінен таңдап алған. Барлығына байқаудың кәдесыйы мен 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Бекарыс Аманжолов, «Қоғамдық қызмет» аталымының жеңімпазы:

- Әрбір атқарған істің соңында қошемет керек. Бұл атқарған еңбектің, жасаған жұмыстың жемісі деп түсінеміз.

Байқаудың жалпы жүлде қоры - 2 млн. 250 мың теңге. «Бұл жастардың еңбегін сату емес, керісінше, қолдау көрсетіп, оларды өзге жастарға үлгі ету»,- дейді ұйымдастырушылар.

Асхат Оралов, қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Байқаудың мақсаты - жалынды әрі дарынды жастарымызды қолдау және олардың дамуына мүмкіндік жасау. Бұл жастар үшін әлеуметтік лифттің бір түрі деп ойлаймыз.

«Астана дарыны-2017» - әзірге қалалық деңгейдегі байқау. Болашақта елорданың Жастар саясаты басқармасы игі шараны республикалық көлемде ұйымдастырып, жыл сайын өткізіп тұруға ниетті.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу