«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Президентке жолданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Президентке жолданды

04.12.2017

Бағдарлама бірнеше ай бұрын да Президентке ұсынылған болатын. Алайда, Мемлекет басшысы жетілдіруді тапсырып, Үкіметке кері қайтарған еді. Құжат биыл жыл соңына дейін қабылданады деп жоспарланған. Ол бес негізгі бағытты қамтиды.

Бағдарламада 17 тың бастама, 120 нақты іс шара қамтылған. Оның мақсатты нәтижесі де зерделенген. Мысалы, еңбек өнімділігі төрт жылдан кейін 38 пайызға өсіп, 300 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, стартап жобаларға тартылатын инвестиция көлемі 67 млрд. теңгеге жетеді. Бесжылдық бағдарламаны жүзеге асыруға 310 миллиард теңге жұмсау көзделген. Оның 141 миллиард теңгесі қазына қаржысы.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Алға нақты индикаторлар қойып отырмыз. Оның ішінде электронды коммерцияның көрсеткішін 1 пайыздан 2,5 пайызға көбейтіп, бағдарлама арқылы ел экономикасына 2,2 триллион теңге алып келеміз деп отырмыз.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі тағы бір тақырып - жаңа жылдан бастап жұмысын бастайтын Астана халықаралық Қаржы орталығы. Қазір орталықтың барлық құқықтық құжаттары қабылданған. Олар 1 қаңтарда күшіне енеді. Әлемдік талапқа сай биржа құрылып, оның ережесі бекіген. Қысқасы, қаржы орталығы жұмысын бастауға тас-түйін дайын. Тіпті, халықаралық қаржы дауларын қарайтын тәуелсіз сот та құрылған. Сот судьялары ертең Елбасы алдында ант қабылдайды.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Судьялардың саны 9 адам. Сот төрағасы ертең Мемлекет басшысының алдында ант қабылдайды. Соттың жұмысы туралы барлық заңдар, нормативтік құжаттар қабылданған. Олар ендігі жылы жұмысын бастайды. Жалпы, қаржы орталығының ресми ашылуын 2018 жылдың шілде айына жоспарлап отырмыз.

Үкімет басшысы қаржы орталығының жоспардағыдай жұмыс істеуі тек Үкіметтің емес, Елбасының да басты назарында екенін айтып, бұл шаруада кемшілік болмау керектігін қатаң ескертті.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу