Күздің қара суығында көпбалалы отбасы далада қалуы мүмкін. Жамбыл облысының Шу қаласында тұратын Тасқайыровтар отбасы 15 жылдан бері әркімнің босағасын жағалап, жалдамалы үйді паналап келеді. Баспананың зарын тартқан жанұя көмек сұрап талай табалдырықты тоздырыпты. Бірақ, қолұшын созар қайырымды жандар табылмай тұр.
Күміс алқа иегерінің бар байлығы - балалары. Болмашы жәрдемақы мен зейнетақы – тірнектеген тіршілікке сеп. «Бәрінен бұрын баспананың жоқтығы жанға батады», - дейді көпбалалы ана.
Зері Тасқайырова, көпбалалы ана:
- Даярлық сыныбында оқитын балама кітап алу үшін пәленбай ақша керек. Оның бәрін ксерокөшірмеден өткізіп отырмыз. Балаларымның бәрі жақсы оқиды. Бізге бір зейнетақы жетпейді.
Отағасы Қазизхан Чернобыль апатының ардагері. Денсаулығы жұмыс тұрмақ, көп жүруге де жарай бермейді. Баспана сұрап, талай шендінің алдына барыпты.
Қазизхан Тасқайыров, «Чернобыль» апатының ардагері:
- 2002 жылдан сұрап жүрміз. Күдер үзіп, анда-мұнда жаздық. Барлық жерден бір жауап келеді. «Үй жоқ, бюджетте ақша жоқ», дейді. Өзім 3-топтағы мүгедекпін, енді 2-топқа шығарайын деп жатыр. Жұмысқа өкпе шыдамайды.
Көпбалалы отбасының жағдайын жергілікті билік жақсы біледі. «Азды-көпті көмектестік», дейді. Алайда, баспана мәселесін шешу әзір мүмкін емес секілді.
Ербол Айманбетов, Шу ауданы әкімінің орынбасары:
- Отбасының проблемасы - пәтер алу. Енді мемлекет иелігінде ондай пәтер болмағандықтан, қазір ол кісілер есепке алынып, тіркеуде тұр.
Шуда қараусыз қалған көпқабатты үйдің бірі қазір қайта жөнделіп жатыр. Келер жылдың күзінде тапсырылады. Бірақ, Тасқайыровтар отбасына одан пәтер бұйыруы екіталай.
Ал, бір анығы көпбалалы отбасы далада қалуы мүмкін. Қазір тұрып жатқан үйінің жалақысын төлей алмағандықтан, қожайындары босатуды талап етіп отыр екен.
Жалғас САҢҒЫЛ