Шетелден келіп, қазақты туғанындай, Қазақстанды екінші үйіндей көріп кеткен азаматтар қатары жыл санап артып келеді. Бұл - Тәуелсіз мемлекетіміздің оң көрсеткішінің бірі болса керек. Осында отбасын құрып, отағасы атанып, қазаққа бауыр басып кеткен жанның бірі – Селман Шимшек. Бірнеше жылдан бері ұстаздық етіп жүрген ол бар білген-жиғанын еліміздің ертеңі - балаларымызға үйретуден жалыққан емес.
Мектеп директорымен емін-еркін отырып, әңгіме-дүкен құру- кез келген оқушы үшін мәртебе. Халықаралық деңгейлі білім ордасын басқарып отырған Селман үшін бұл – озық ойлы ұрпақ тәрбиелеудің ұтымды тәсілі. Шәкірт пен басшы арасындағы шекара бұзылып, бала пікірі есепке алынады.
Умайя Сымбатқызы, 2-сынып оқушысы:
- Біз жарыстардан грамота алсақ, бізді Селман ағай осы жерге шақырады да, марапаттайды. Бізге шоколадтар таратады. Бізбен сөйлеседі, әңгімелесеміз.
Мектеп басшысының өзгелерден ерек әдісін әріптестері де қолдап келеді.
Сәуле Нұғыманова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Әрқашан ізденісте жүреді. Әсіресе, балалар үшін көптеген қызықты жобаларды ұйымдастырғанды жақсы көреді және әрқашан өзінің бастаған ісін соңына дейін жеткізуге тырысады.
15 жыл бұрын білім қуып елімізге келген Селман Шимшек қазақты бауыр басып кеткені соншалық, оқуды бітірген соң да Түркияға кетпеуге бел буған. Өмірлік жарын да осында жолықтырып, шаңырақ көтерді. Балалары дүниеге келді. «Өзі үшін де, ұрпағы үшін де жұмыс істеп, білім алуға Қазақ елінде барлық мүмкіндіктің барына көзім жетті», - дейді ол.
Селман Шимшек, «Нұр Орда» мектебінің директоры:
- Қолдауларды біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында көріп келеміз деп ойлаймыз. Ол кісінің білімге деген жаңашыл көзқарасын жүрекпен сезінеміз. Сол үшін қазақ халқы қанша мақтанса да, аз деп ойлаймын. Осындай Елбасының болғанына қуану керек деп есептеймін. Сол үшін мектеп директоры, ата-ана, мұғалім ретінде Елбасына үлкен алғыс білдіремін.
Бүгінде бір ғана Селман емес, шетелден келіп, елімізде еңбек етіп, мамыражай тірлік кешіп жатқан азаматтар мыңдап саналады. Өйткені, олар қазақты дос көреді, құрмет тұтады, Қазақстанның кемел келешегіне үлкен сеніммен қарайды.
Зарина ҰЛЫҚБЕК