Мәдени-ағартушылық шараға 50 мыңға жуық бала қатысқанымен, тек 20-сы үздік деп танылды. Олардың барлығы да қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері. Бірі шешендік сөздерді оқуда алдына жан салмаса, екіншілері «Кемел елдің – кемеңгер қаламгерлері» тақырыбына эссе жазып, жүзден жүйрік екендігін дәлелдеген. Сонымен қатар, Тәуелсіздікті, достық пен бірлікті насихаттайтын бейнероликтер байқауынан сүрінбей өткендер бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған жобаның басты мақсаты – жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
Дархан Мыңбай, ҚХА төрағасының орынбасары:
- Бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін фактор ретінде біз мемлекеттік тілді одан әрі дамытуымыз керек. Мұны Елбасы да үнемі айтып отырады. Яғни, біз тілге деген құрметіміз арқылы елімізге деген құрметімізді білдіреміз. Ана тілімізді білу - борыш. Екі тілді білсек, он есе баюымыз мүмкін. Өйткені, біздің алдымызда тұрған міндет соған сәйкес келеді.
Елдос САПАРҒАЛИ