Бүгін алматылықтар көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевты ақтық сапарына шығарып салды
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен қаралы жиынға қалың оқырман, туған-туыстары және зиялы қауым өкілдері келді.
Қабырғалы қаламгердің қазасына Қазақ елінің қабырғасы қайысты. Бірақ, тумақ бар да, өлмек бар екендігі анық. Марқұмды соңғы сапарға аттандырған көпшілік ақынның елеулі еңбектері қазақ әдебиетінде қатталып, жұрт есінде мәңгі жатталатындығын айтты.
Нұрлан Оразалин, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
- 95-ке қараған жасында қазақтың поэзиясына өз өрнегін салған, қазақтың көркем сөзіне маңдай терін төккен, өзінің кәсібіне құдайдан біткен қасиетіне адал адам, үлкен қайраткер тұлға өмірден өтіп отыр. Кешегі алыптардың жалғасы.
Дүниеде балаларға арнап шығарма жазу қиын. Себебі, таза жүректі жеткіншекке жалған айтып, жазып сендіре алмайсың. Ал, олардың арманын асқақтатып, сенімін бекіту үшін ерекше еңбек керек. Мұндай тәуекелге тек батылы мен білімі жеткен қаламгер барады. Міне, Мұзафар Әлімбаев сол ауыр жүкті қара нардай қайыспай көтерген тау тұлға, дейді әріптестері.
Софы Сматаев, жазушы-драматург:
- Баламен бала болып сөйлесу үшін сен дана болып ойлануың керек. Өйткені, бала деген сөз шындық, бала деген ақиқат, баланың құлағы, баланың зердесі, баланың жүрегі тек ақиқатты, адалдықты ғана тілеп тұрады. Сондықтан да, Мұзағаңның көтерген жүгі ауыр болды. Мұзағаң сол ауыр жүгін абыроймен көтеріп, балалардың шын көңілінен табылған бірден бір ақыны да, бірден бір жазушысы да.
«Балалар әдебиетінің атасы» атанған айтулы ақын бүгінгі ойын баласын ертеңгі ел қорғаны болатын дана деп білген. Оларды озық ойлы етіп тәрбиелеу үшін «Балдырған» журналын дамытуға ерен еңбек сіңірді. Ақын шығармалары мен қоғамдық орта да сөйлеген сөзінде үнемі халықты ілгері ұмтылуға шақырды. Сондықтан, ел арасында «Мұзағаң айтты» дейтін қанатты сөз қалды.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы