9 қабатты екі үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынды. Құрылыстың негізгі инвесторы - «Бәйтерек» холдингінің еншілес кәсіпорны «Бәйтерек девелопмент» АҚ.
Жанар Шахаева бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұрды. Көпбалалы анаға бір үйден екіншісіне көшіп жүру оңай болған жоқ. Сондықтан, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерді бастапқы бетте жалға алып, кейін жеке иелігіне сатып алу мүмкіндігін қуана қабылдады.
Жанар Шахаева, жаңа пәтер иесі:
- «Бәйтерек» АҚ-на үлкен рахмет. Мен алты жыл кезекте тұрып, бүгін ғана қуанышқа жетіп отырмын. Үлкен, әдемі үш бөлмелі пәтер. Үлкен жетістікке бүгін жеттім деп ойлаймын.
Бір-біріне жапсарлас салынған 9 қабатты екі үйге 191 отбасы қоныстанды. 180 пәтерлік осындай тағы бір үй биыл Екібастұз қаласында тапсырылды.
Ержан Утюбаев, «Бәйтерек девелопмент» АҚ дирекциясының директоры:
- «Байтерек девелопмент» АҚ еліміздің 13 облысында 389 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға тапсырады. Соның нәтижесінде 6 мыңнан аса отбасы жаңа пәтерлер алады. Бұл үйлер 20 жыл мерзімге жалға беріледі. Арендалық төлем 1 шаршы метрге 1060 теңге. Бұл қазіргі уақытта қолжетімді баға болып есептеледі.
«Нұрды жер» бағдарламасы бойынша аймақта алдағы екі жылда тағы бірнеше үйлер салу жоспарланып отыр. «Бәйтерек девелопмент» АҚ бұл мақсатқа 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлмек.
Болат АМАНБАЕВ