ШҚО-да 240 мектепке сейсмикалық қауіп төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да 240 мектепке сейсмикалық қауіп төніп тұр

29.11.2017

Шығыс Қазақстанда жүздеген әлеуметтік нысан сейсмикалық талаптарға сай емес. Яғни, алда-жалда жер сілкінісі болса, бұл ғимараттар жермен жексен болуы мүмкін. Олардың қатарында 240 білім ордасы бар. Сондықтан, жергілікті билік ең әуелі 2006 жылға дейін тұрғызылған нысандардың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруды көздеп отыр. «Бірақ, облыстық бюджет есебінен бұл мәселені шешу мүмкін емес», - дейді мамандар.

Зырян, Қатонқарағай, Зайсан, Үржар аудандары мен Өскемен және Риддер қаласы. Бұл – облыстағы сейсмикалық қаупі жоғары деп танылған елді мекендер. Мамандар осы төңіректе  жер сілкінісінің ықтимал көрсеткіші 7 баллға дейін жетуі мүмкін деп бағалады. Сондықтан, ең әуелі әлеуметтік нысандардың оның ішінде білім ошақтарының сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру міндет. Ал, мұндай мектептердің саны өңірде 200-ден асып жығылады. 

Лариса Куприна, облыстық Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын бақылау тобының жетекшісі:

- Олардың ішінде ең бірінші өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған мектептерді жөндесе жақсы болар еді. Қазір 8 мектептің қауіпсіздігін күшейту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Бірақ, жөндеу жұмыстарының қашан басталары белгісіз.

Осыдан он шақты күн бұрын Шемонайха ауданындағы білім ошақтарының бірінде төтенше оқиға болды. Жер сілкінбесе де, тозығы жеткен мектептің төбесі шыдас бермей, опырылып түсті. Бірнеше бала зардап шекті. Көне ғимарат өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Аудандарды айтпағанда мұндай ескі мектептер облыс орталығында да жетіп артылады.

Ольга Зюзь, мектеп директоры:

- Мен мектепке орналасқан жылы ғимаратты тексеріп шыққан едік. Сол кезде байқағанымызда мектептің кей тұстарында айтарлықтай сызаттар болды. Бұл облыста бұдан бұрын болған жер сілкінісінің салдары екен. Яғни, мектеп салынған кезде сейсмикалық күшейту элементтерінсіз тұрғызылған. Қазір ол кемшіліктерді жойып, барлығын ретке келтірдік.

Сейсмикалық ахуалы нашар 8 мектепті жөндеуге 2,5 млрд. теңге қажет. Ал, бір ғимаратты бастан аяқ жөндеп шығуға 250 млн. теңгеден 450 млн-ға дейін қаржы шығындауға тура келеді.  

Облыс орталығындағы мектеп 1966 жылы салыныпты. Жерасты дүмпулерінің магнитудасы жоғары балға дейін дейін жетсе, бұл ғимараттың жер сілкінісіне төзу-төзбеуі неғайбыл. Қауіптілігі жоғары мұндай нысандардың тізімі нақтыланғанымен, оның бәрін бір-екі жылда жөндеп шығу мүмкін емес. Әрі оған облыс бюджетінің қауқары да жетпейді.  

Ғимараттардың қауіпсіздігін күшейту үшін алдымен өңірдің сейсмикалық картасын жасақтау керек. Алайда, оған қомақты қаражатпен қоса уақыт қажет. Сондықтан, сәулетшілер ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін арттырудың ұтымды технологиясын ұсынады. «Нәтижесінде қаржы мен уақытты үнемдеуге болады», - дейді мамандар.   

Нұрлыбек Тұрлыбеков, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

- Қазіргі кезде гидроволокно деген технология қолданылып жатыр. Қабырғаларды, баспалдақтардың маңайларын, ламинадтармен, торлармен эпаксидті клей жағып отырып, жапсыру. Мұның қасиеті 9-7 балдық жер сілкінісі болған кезде оның күшін 1,5-4 балға дейін азайтады. Нысанның толықтай құлауын келтірмей, ұстап қалады.

Жер сілкінісіне төтеп бере алмайтын ғимараттарды жөндеу жұмыстары 2011 жылы басталуы керек-ті. Алайда, ақшаның жоқтығы қол байлау болып, іс аяқсыз қалды. «Бұл жолы да мәселе қаржыға тіреліп тұр, сондықтан, жабулы қазан жабулы күйі қалмаса», - дейді мамандар.  

 

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Хабарламаларға жазылу