Зертханалық сараптаманың қорытындысын жариялаған мамандар осылай дейді. Сол күні мектеп асханасында балаларға күріш ботқасы мен нан, алма берілген. Осы тағамдармен қатар, сүт, ірімшік, майдан да сынама алынған. Алайда, ішек инфекциялары табылмаған. Мамандар мектеп асханасын, ыдыс-аяқ, құрал-жабдық пен аспаздарды да тексерген. Сараптама нәтижесі бойынша барлығы санитарлық нормаға сай.
Еске сала кетсек, қарашаның 20-сы күні Бөрлі ауданының Қызылтал ауылындағы мектептің 22 оқушысы ауруханаға түсті. Екінші күні 17 бала үйлеріне қайтарылды. Ал, 5-уі әлі ауруханада жатыр.
Сергей Щербина, БҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Зерттеу қорытындысына сай, балалар астан ұшынбаған. Ал, ауруханадағы 5 баланың 3-еуі гастрит, 2-еуі фарингит диагноздары бойынша емделіп жатыр. «Кен орнындағы атмосфералық ауа әсер етті» деген ақпар жалған. Біріншіден, клиникалық сипаттама бойынша оқушылардың уланбағаны анықталды. Екіншіден, Қарашығанақтан зиянды заттың ауаға таралуына мониторинг жасалады. Ондай дерек те нақтыланған жоқ.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ