Оңтүстіктік Қазақстан облысы «Батыр ата» ауылындағы орта мектептің бір сынып бөлмесі енді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ұзақ жыл телевизия саласында еңбек еткен ардагер телеоператор Ағабек Қазанбайдың есімімен аталады. Мектеп ұжымының мұндай игі бастамасы ел үшін янбай еңбек еткен өз жерлестерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында жүзеге асып отыр. Ағабек Қазанбай республикалық, облыстық телеарналарда жұмыс істей жүріп, шеберлігі шыңдалған телеоператор. Оның шығармашылық ізденіспен түсіретін бейнекөріністері шынайы өмірді айшықтауымен ерекшеленіп тұрады. Ол бүгінге дейін 20-ға тарта деректі фильм мен арнайы репортаждарды түсіруге қатысқан. Бүгінде зейнеткерлікке шықса да, өзіне ізбасар, шәкірт тәрбиелеуді жалғастырып келеді. «Батыр ата» ауылынан түлеп ұшқан атпал азамат бүгінде Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы».
Ағабек Қазанбай, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ардагер телеоператор:
- Мектеп оқушылары, ауыл тұрғындарымен осындай кездесулерді жиі өткізіп тұрамыз. Оның мәні жастарға тәлім-тәрбие беру деп түсінемін. Әр ауылда, әр елде осындай шара жалғаса берсе, біз ауылымызды көркейтеміз.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ