Басты Жаңалықтар Қара отын тұтынатын Астананың аспаны күнде көк түтін

Қара отын тұтынатын Астананың аспаны күнде көк түтін

Мұржалардан будақтаған қалың түтін ауаны ластап қана қоймай, денсаулыққа да кері әсерін тигізеді. Халықаралық медицина ғалымдары содан сақтануға шақырса, биыл қыркүйекте қалаға 46 мың тонна көмір жеткізіліпті. 

Қаламқас ертелі-кеш пешке үңіліп, күл аударады. Жылда солай. Ол суық түссе тіпті жұмысқа да шықпайды. Себебі, балалары мен жолдасының қамы үшін үйді жылытып, қалыпты температураны сақтап отыру керек. Күнделікті күйбең тірлігі осы - қара пешке көмір жағу.

Қаламқас Ахат, қала тұрғыны:

 - Алты ай қыста 3 тонна көмір жағамыз. Күн жылы кезінде 2 шелек жағып жатырмыз. Күн қатты суып, аяз көтерілген кезде 4 шелекке дейін барады.

Жер үйде тұратындардың көбінің көрген күні осы.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Амал жоқ көмір жақпаса тағы болмайды. Халық жылыну үшін оның зиянын ойлап жатқан жоқ. Бірақ, 1 келіден соншама көмір қышқыл газы бөлінеді. Ал, қала бойынша миллиондап қатты отын жағылады. Енді қаупін ойлай беріңіз.

Қаупі сол – обырға шалдықтырады. Әлемдік білгір дәрігерлердің ескертпесі бұл. Түтіннің түйір-түйір бөлшектері өкпеге шөгеді де біртіндеп қатерлі ісік дертіне жеткізеді екен. Эколог Азаматхан Әміртай да мұны құптап отыр. Ол «қатты отын - көп аурудың ошағы, сол себепті мегаполисті табиғи газбен қамтамасыз ету керек»,-дейді.

Азаматхан Әміртай, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы ҚБ төрағасы:

- Елордаға көгілдір отын өткізу - талай көтерілген мәселе. Әзірге «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистраліне «Сарыарқа» газ құбырын жалғау жұмысы пысықталды. Жоба құны да айқын. Бірінші кезеңіне 270 млрд. теңгеге жуық қаржы керек. Бірақ, әлі нақты шешім шыққан жоқ.

Зияш Қияқбаев, ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры: 

- Қаражат көзі қымбат болған сайын газдың түпкілікті бағасы да қымбат болып шығуы мүмкін. Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді? Осы бағыттарда қазір жан-жақты сараптама, талдау жүріп жатыр.

Астанаға газ келеді деген әңгімеге Қаламқас та қатты қуанған. Алайда, әзірге көмірсіз өмір тек арман күйінде қалып отыр.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Бөлісу