Батыс Қазақстанда мұнай-газ саласындағы өндіріс орнында 1000-ға жуық жұмысшы қысқаруы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда мұнай-газ саласындағы өндіріс орнында 1000-ға жуық жұмысшы қысқаруы мүмкін

24.11.2017

Бұл туралы  өңірдегі жұмыс берушілермен кездескен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.  Бүгінгі күні еліміздегі 10 мың кәсіпорынның 48 пайызы өндірісті жаңғыртуды мақсат етіп отыр. Жаңа технологияларды енгізудің жұмысшыларды қысқарту сияқты кереғар тұсы да бар. Мұны өндіріс иелері де жоққа шығармайды. «Зенит» зауытының директоры жаңғырту жұмыстарынан кейін тапсырыс болмаса, «260 қызметкер жұмыстан кетуі ықтимал», - дейді.  Ал, «Жайықмұнай» кәсіпорнында 1000-ға жуық адам еңбек етеді. Оған қоса, мердігерлік ұйымдарда 2500 жұмысшы бар. Кен орнында өндірістік кешеннің құрылысы аяқталған соң, жұмыс күшінің қысқаруы мүмкін. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біз қазір жұмыс берушілерге жол картасын жасап, оларға қандай көмек бере алатынымызды айттық. Біріншіден, егер де олар жұмысшыларды қысқартып, бірақ, өзімізге алып қаламыз дейтін болса, 70 пайызын оқу үшін мемлекет қаражатын береді, 30 пайызын жұмыс беруші беруі мүмкін. Немесе әлеуметтік жұмыс орындарын ашып, жылдың ішінде 35 пайыз еңбекақысын мемлекет төлейді, 65 пайызын жұмыс беруші төлейді. Солай көмектесу мәселесін қарастырып отырмыз.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу