Кейінгі жылдары бала күтіміне қатысты демалысқа шығатын ер азаматтар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кейінгі жылдары бала күтіміне қатысты демалысқа шығатын ер азаматтар көбейді

23.11.2017

Павлодар облысы прокурорының орынбасары Қуат Артықбаев  бала күтіміне байланысты демалысқа шықты. Бұл - осы өңірдегі алғашқы жағдай емес. Баспасөз қызметінің мәліметінше, онға жуық заң саласында жұмыс істейтін ер азамат бала күтімін өз мойындарына алған. Еңбек кодексіне енгізілген бұл өзгерісті кімдер тиімді пайдалануда?

49 жасында әке атанған павлодарлық азамат жаңа туған сәбиін бағуды өз мойнына алған. Бірақ, себебін ашып айтқысы келмейді. Ал, көкшетаулық Марат есімді отағасы да жаздан бері декреттік демалыста. Өзін көрсетуді жөн санамаған ол тұрмыстық қажеттілікке байланысты осындай шешімге келгенін айтады.

Еңбек кодексіне бұл өзгерту 2015 жылы енгізілген. Содан бері елімізде 200-ге жуық ер адам бала күтіміне байланысты кезекті демалыс алған. Заң бойынша төленетін жөргекпұл ақысы еркектерге де беріледі. Әрі, үш жылға дейін үйде отыруға, қаласа қосымша жұмыс істеуіне болады.

Сәуле Ізбасқанова, заңгер:

 - Біріншіден, әйелдің жәрдемақысының жоғары болуына байланысты. Екіншіден, еркек адамның жұмысында қандай да бір конфликт болса, уақытша демалу үшін осындай шешімге келеді. Үшіншіден, бала асырап алу жағдайына да байланысты. Тағы бір тобы әйелдеріне жаны ашып, демалыс алады.

Ал, шетелде еркектің бала бағу тәжірибесі бұрыннан бар. Дегенмен, бұл ұлттық менталитетке тән емес дейіндер де кездеседі. Алайда, ер адамның бала күтіміне атсалысуы бүгінде төмендеп кеткен әке рөлін жоғарылатып, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік тек әйел адамның мойнында деген біржақты пікірден арылуыға әкелер деген үміт те бар.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу