Басты Жаңалықтар Алматылық көпбалалы кәсіпкер бір күнде тақыр кедейге айналды

Алматылық көпбалалы кәсіпкер бір күнде тақыр кедейге айналды

Алматылық тергеуші көпбалалы кәсіпкер әйелдің құны 1 миллион АҚШ доллары болатын алтынын казиноға тігіп жіберген. Осылайша, ол қызметін пайдаланып, нанын адал тауып отырған жалғызілікті ананы алаяқтық жолмен тақырға отырғызыпты. Яғни, тергеуші алтын әшекейлерді заңсыз тәркілеп, ломбардқа өткізген де, қыруар қаражатты жеке қажеттілігіне жаратқан. 10 жыл бойы  жиған-тергенінен 1 күнде айырылған әйел әлі күнге әділеттік іздеп, құзырлы органдарға арызданумен жүр.

6 айдан бері өмірі тозаққа айналған Индира Бердібекова қарызға белшесінен батқан. Себебі, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің аға тергеушісі оның сауда нүктесіндегі бағалы әшекейлерді «Контрабандалық қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін» деген айыппен тәркілеген.

Индира Бердібекова, кәсіпкер:

-Заңсыз тексеріп, жұмыс орнымдағы бүкіл алтындарымды алып кетіп қазіргі таңда сатып жіберіп, менің өмірімді тозаққа айналдырып отыр.

Енді барынан айырылған кәсіпкер әйел не істерін білмеген соң бағалы бұйымдарын қайтару үшін құзырлы органдарға шағымданыпты. Сөйтіп жүргенде қымбат әшекейлердің сатылғанын естіген. Тіпті, сапалы алтын, гаухар бұйымдарды ломбардтардан көріп таныған. Бәрін суретке түсіріп, кімнің өткізгенін де анықтапты.

Ал, оның қорғаушысы «Күдікті ұсталып, қамауда отыр. Десек те, бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті», - деді.

Айгүл Орынбек, заңгер:

 - Бұл жерде тек тергеуші емес, Кірістер департаментінің басшылығы, тергеу бөлімінің басшысы, прокурор, судья бар. Біреудің мүлкін талан-таражға түсіргені үшін барлығы жауап беруі керек.  Бұл жерде тек қана бір адам емес, ұйымдасқан топ тұр.

Құны 1 миллион АҚШ доллары тұратын әшекейді тергеушілер сақтау қоймасына өткізбей, жарты жыл бойы жеке кабинетте сақтаған. «Бұл заңбұзушылық», - дейді адвокат. Тек құзырлы орындарда жазған арыздан соң мекеме қызметкерлері әріптестері сатқан ломбардтағы әшекейдің біразын қайтарған. Алайда, бұл құнды дүниенің аз ғана бөлігі. Ал, қалған қымбат әшекейлердің қайда екені әзірге белгісіз.

Заңғар Шыңдәлі, Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы: 

- Арызданушының ісі бойынша толыққанды жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Кәсібінің нәсібін көрем деп жүріп, кесірінен әбден азаптанған 4 баланың анасы әділеттік тапқанша, арызданбақшы. Себебі, бұл - балаларын асырап отырған жалғыз табыс көзі.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Бөлісу