Қоғамдық орындарда бет-бейнені жауып тұратын киім киюге тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық орындарда бет-бейнені жауып тұратын киім киюге тыйым салынады

22.11.2017

Діни қызметтер туралы жаңа заң жобасынан екпе алуды міндеттеу туралы норма алып тасталды. Дінтанушы мамандар мен сарапшылар құжатты талқылау кезінде осындай шешім қабылдаған. Есесіне қоғамдық орындарда бет-бейнесін адам танымастай етіп бүркемелеп жүруге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. Заң жобасын барлық мемлекеттік органдар мақұлдаған. Дегенмен, құжат Парламентте тағы бір талқыланады.

Діни саланы реттеу - қиын шаруа. Дін туралы қолданыстағы заң 2011 жылдың соңында қабылданды. Көп те болған жоқ. Бірақ, заман талабына сай, заңнама тағы өзгермек. Ұсынылған басты нормалардың бірі - қоғамдық орындарда бет-бейнесін жауып тұратын киім киюге тыйым салу. Мұндай киімдерді киюге тек қызметтік немесе медициналық мақсатта, болмаса ауа райына байланысты, спорттық және мәдени шаралар кезінде ғана рұқсат етіледі. Заң талабын бұзғандарға ескерту немесе 100 мың теңге көлемінде айыппұл салу көзделген.

Еркін Оңғарбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің комитет төрағасы:

- Мұндай тәртіп көптеген Еуропа елдерінде бар. Бұл заңдылықты бұзғандар үшін ескерту немесе әкімшілік жазалау көзделген. Әкімшілік айыппұл көлемі 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көрсетілді. Дегенмен, бұл нормада айыптау емес, ескерту жасауға басымдық берілген.

Заң жобасы арқылы діни бірлестіктердің қаржылық көрсеткіштерін ашып көрсету де көзделген. Құжат қабылданса, олар кірістері мен шығыстары туралы ақпаратты жылына кем дегенде бір рет бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап отыруы тиіс. Ал, екпе алуды міндеттеу туралы норма алынып тасталды. Бастапқыда екпені міндеттеп, одан бас тартқандарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу ұсынылған еді.

Берік Арын, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі:

- Біз оны қоғамдық талқылауға салдық. Осы саладағы азаматтардың, сарапшылардың, мамандардың пікірін тыңдадық. Сол талқылаудың нәтижесі қазіргі кезде біздің қоғамға екпені міндеттеу ерте екенін, оған халық әзір дайын емес екенін көрсетті. Сондықтан, алып тастадық

Екпе салу дін қызметі туралы заңмен болмаса да, өзге де құқықтық құжатпен реттеледі. Себебі, бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі кіріскен. Айта кету керек, діни қызмет туралы заң жобасы қазір барлық органмен келісілді. Енді ол Парламент қарауына өтеді. Яғни, бұл мәселелер әлі депутаттар талқысына түседі.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу