Жәбір көрсетумен қайырымсыз адамдар айналысады – М.Қоғамов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жәбір көрсетумен қайырымсыз адамдар айналысады – М.Қоғамов

21.11.2017

Өйткені, жапа шеккен жанның сотқа түсетін шағымы аз. Негізі құқықтық мемлекетте азаптау оқиғалары мүлдем болмауы тиіс. Сондықтан, әлем сарапшыларының саралап-салмақтауымен «Стамбул хаттамасы» жасалған еді. Бүгін құқық қорғау органдары мен сала мамандары сол хаттаманы талқылап, қайтсек қинау деректерінің санын азайтамыз деген ойларын ортаға салды.

Азаптау – ардың ісі емес. Заңға салса да, қылмыс саналады. Алайда, бас бостандығынан айыру мен шектеу мекемелерінде, полицияда, психиатриялық орындарда ол бар. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу кезінде көптеп кезігеді. Басқаның айыбын зорлықпен мойнына арта салу, жәбір көрсетіп, жалған куәлік еткізу деректері тіркелген. 10 айда 120 қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері өтуде.

Марат Қоғамов, ҚР Ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы:

 - Бұл қарапайым қылмыс емес. Оны лауазымды адамдар істейді. Айтсақ, белгілі бір шен таққандар, тағы басқа. Яғни, қайырымсыз, шындықпен жүрмейтіндер сонымен айналысады. Бірақ, мұны тоқтату бір тергеуші немесе жалғыз прокурордың қолынан келмейді. Күресу үшін күш біріктіру керек. Жұмыс жүйелі жүргізілмесе, нәтиже нөлге тең.

Арнайы және түзету мекемелерінен 6 айда азаптау ісі бойынша 24 шағым түскен. Ал, былтыр Бас прокуратура 1500-ге жуық жәбірлеу дерегін келтірді. Соның тек 5 пайызы ғана сотқа жүгінсе, 95 пайызы әділдікке жетпеген.

Азамат Шамбилов, Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өкілі:

- Еуропа, өзге де дамыған елдермен салыстырғанда, бізде азаптау мен қинаудың саны көп және де ол шешілмей отыр.

«Стамбул хаттамасында» азаптауға қарсы амалдар бүге-шүгесіне дейін келтірілген. Оны 75-ке жуық сарапшы зер салып жазып шықты. Қинау фактісін құжатпен дәлелдеу, жаппа шеккендер және күдіктілермен қалай жұмыс істеу, тағы басқа әдістері көрсетілген. Яғни, адам құқықтарын құзырлы органдармен қатар, қоғам алдыңғы қатарға шығаруы қажет. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу