Балық аулауға заңсыз шыққан қарақшылардың мүмкіндігі күшейіп барады. Олар құрлықта және теңізде жылдам жүретін қуатты көліктерді пайдаланады. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бүгінгі Үкімет жиынында осы саладағы біраз мәліметтерді ашық жариялады. Табиғат байлығын қорғайтын мемлекеттік инспекторлардың техникалық мүмкіндіктері әлсіз. Мәселен, биыл 230 заңсыз қайық тәркіленген. Оның 27-нің моторы қуатты, 500 аттың күшіне тең, құны 50 мың доллар тұрады. Осындай су көлігін тізгіндегендерді құрықтау өте қиын және әлі қаншамасы теңізде тайраң салып жүр. «Сол себепті, мемлекеттік инспекторлардың техникалық мүмкіндігі олармен тең болу керек», - дейді, аймақ басшысы.
Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:
- Браконьерлердің материалдық-техникалық жабдықтауы біздің мемлекеттік органдардың материалдық техникалық жабдықтауынан әлдеқайда зор және күштірек. Осыны ескере отырып, балық инспекциясын мемлекеттік органды қажетті қайықтар мен теңізде жүретін кемелермен, бейнекамера, дронмен жабдықтау үшін біз өз ұсынысымызды 1 млрд. 200 млн теңге енгізген болатынбыз. 2018 жылға 620 млн. теңге. Сізден осыны қолдауыңызды сұраймыз.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ