Бүгін Алматының үш көшесінде қоғамдық көліктерге арналған жоғары жылдамдықтағы «BRT» жолағы іске қосылды. Әзірге бұл жоба сынақтық режимде енгізілген. Жаңа жолақтарды кейбір жолаушылар құптағанымен, көпшілігінің көңілінен шықпай отыр. Автобус жүргізушілерінің де пікірлері екіге бөлінген. Олар аялдамалардың алдында ыңғайсыздық туындағанын айтты. Ал, жеке көлік иелері «Онсызда тар көшелерге мұндай жолақтың керегі жоқ еді», деп даурықты.
Жаңа автобус жолақтарының басталған тұсы міне осы. Мұның бір жаңалығы - автобустар қазір жолдың ортасымен жүретін болған. Ал, бұрын жолақтар шетте болатын. Соған сәйкес, жаңа аялдамалар да тура жолдың қақ ортасынан салынып жатыр.
Аспаннан түскендей аялдамалардың жол ортасына салынғанына көпшілік наразы. Өйткені, оған жету үшін жолаушылар жолды кесіп өту керек. Ал, мұнда көліктердің ағыны бір толастамайды.
Нұржан Амангелдіұлы, қала тұрғыны:
- Мына жағынан көлік өтіп жатыр. Негізінде аялдама шетінде оның алдында кішкентай алаң болып, одан кейін барып салса, ыңғайлы еді.
Рахат Оразбаев, қала тұрғыны:
- Жолды керісінше, кеңейту керек. Адамның жүрісіне де, жүргізушілердің жүруіне де ыңғайлы жасаса, онда болады. Тап-тар қылып, не автобус жүретінін білмейді, не автокөлік жүретінін білмейді.
Зағида Әбдібаева, қала тұрғыны:
- Мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Баламен қалай жүреміз?
Арнайы жолақтың бұлайша сызылғанын автобус жүргізушілері де құптаған жоқ. Себебі, «тар жолға бір мезгілде бірнеше көлік қатар келсе, аялдаманың алдына сыймаймыз», - дейді олар.
Абдімәлік Кәменов, автобус жүргізушісі:
- Мына арада тар болады. Машина қабаттасып келеді.
Бұл жоба сынақтық режимде енгізілгенімен, кейбір аялдамаларда құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Алғашында сұхбат береміз деген Транспорт және автомобиль жолдары басқармасы тілшілерді күттіріп қойды. Сөйтіп, кешқұрым бұл мәселеге қатысты жауапты ертең береміз, деп сұхбат беруден бас тартты. Ал, мұндай жолақтар келесі жылы Тимирязев және Жандосов көшелеріне салынбақ. Айта кетейік, жолаққа автобустан басқа көліктердің кіруіне тыйым салынған. Енді 1-желтоқсаннан бастап ережеге бағынбағандарға айыппұл салынады.
Амангелді СЕЙІТХАН