Шалғайдағы елді мекенде бұған дейін мұндай кешен мүлдем болмаған. Сондықтан, жастар тастақ жерде тасырқап доп тебетін, кейде көрші елді мекендердің спорт алаңына барып жаттығатын. Жалпы, Елбасы жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту міндеті тұр. Міне, сол тапсырманың алыстағы ауылда іске асқанына әсіресе, оқушылар қуанышты. «Болашақта әлеуметтің әлеуетін көтеріп, тұрмысын түзету үшін «Мәдениет үйі» мен жабық спорт кешенін салу жоспарланып отыр», - дейді жергілікті билік өкілдері. Ал, ақсақалдар осы жерден елдің даңқын асыратын спортшылардың шығатынындығына сенімді.
Әлімхан Қосбасаров, Самсы ауылдық округінің әкімі:
- Жергілікті бюджеттен 9 млн. 989 мың теңге бөлінген. Бүгінде Қопа бекетінде 500 тұрғын бар. Балалар далада ойнап жүрген. Кішкентай ауыл болса да балаларға денсаулығын шынықтырсын, спортпен айналыссын деген ниетпен осындай үлкен алаң салынып отыр.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ