Елімізде жазасын өтеушілерді мерзімінен бұрын босату жүйесі жаңғыртылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жазасын өтеушілерді мерзімінен бұрын босату жүйесі жаңғыртылады

20.11.2017

Сотталғандарды бұрын босату жұмысы енді электронды түрде жүзеге асады. Мәселен, Қарағандыдағы АК 159/ 11 түзеу мекемесінде ашық сот отырысы өтіп, мерзімін өтеп жатқан жазасын өтеушілердің ісі қаралды. Сот шешімі бойынша ақтөбелік Виталий Соболев босатылды. Бұған дейін оның тәртібіне қатысты деректердің барлығы арнайы базаға тіркеліп отырған. Сөйтіп, уақытынан бұрын босату туралы шешім автоматты түрде келіп түскен. Бұл жаңа жүйе ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотының және Ішкі істер министрлігінің бірлескен жобасы. Бүгінде Қарағанды облысындағы 10 түзеу мекемесінде 5500-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың арасынан жыл басынан бері тәртібі жақсы 1700 адам мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға өтініш берсе, соның 600-ге жуығы қанағаттандырылған.

Нүркен Жанахметов, облыс прокурорының орынбасары:

- Соболев Виталий өзін жақсы қырынан таныта білді. Оның түзеу мекемесіндегі үлгілі тәртібі, түрлі шараларға атсалысып жүргені ескерілді. Өзі санитарлық-гигиеналық тазалық тобының төрағасы. Тіпті, оған қатысты істе бұрынғы Маңғыстаудағы жұмыс орнынан хат та бар. Оны қайта жұмысқа қабылдамақ. Міне, жазаны жеңілдетудің жаңа жүйесі бойынша осындай мәселелер ескеріледі.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу