ЮНИСЕФ мұндай мәртебеге шахматтан 4 дүркін Әлем чемпионы Динара Сәдуақасованы лайық деп таныды. Тағайындау туралы құжатқа Орталық коммуникациялар қызметінде қол қойылды. ЮНИСЕФ – жасөспірімдердің құқығын қорғайтын халықаралық қор. Оның 190 елде арнайы өкілдігі бар. Енді Динара Рамазанқызы Қазақстандағы әр баланың мүддесі мен құқықтарын қорғауға атсалысады.
Динара Сәдуақасова, БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі:
- ЮНИСЕФ-тің Ұлттық ізгі ниет елшісі болу үлкен мәртебе. Маған сенім артқан ЮНИСЕФ-ке ризашылығымды білдіремін және осы сенім үдесінен шығу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасайтыныма сендіргім келеді. Балалардың қамқорлық пен мейірімге бөленуі үшін, өз пікірін ересектерге еркін жеткізе алуы және өз өмірлеріне қатысты шешімдерге ықпал ете алуы үшін еңбектенемін.
Досымжан ЕРМҰРАТ