Басты Жаңалықтар Көкшетауға жұмысқа орналасу үшін Маңғыстау облысынан 60 адам келді

Көкшетауға жұмысқа орналасу үшін Маңғыстау облысынан 60 адам келді

Бірақ, олар алдымен, 1 айлық курсты бітіруі тиіс. Шаһардағы өндіріс ошағының жанынан ашылған арнайы оқуды ойдағыдай аяқтағандар кейін осы кәсіпорынға жұмысқа қабылданады.

60 адамның барлығы - жұмыс таппай жүрген жандар. Мамандықтары әр түрлі. Енді олар қысқа мерзімдік қайта даярлау курсынан өтеді.

Азамат Мизамбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Біз Жаңаөзен қаласынан келіп отырмыз. Біздің атқаратын мамандығымыз операторлық. Жатақхана, тамақ, шәкіртақымен қамтамасыз етілеміз. Оқуымызды бастадық. Қазір игеріп жатырмыз, үйреніп жатырмыз. 

Полиэтилен және полипропилен қаптарын шығаратын зауыт - Көкшетаудағы ірі кәсіпорындардың бірі. Өнімдерін ТМД елдеріне саудалайды. Алайда, жұмыс күшінің тапшылығы байқалады. Сондықтан, серіктестік қызметкерлерді еліміздің барлық аймақтарынан қабылдауға дайын.

Мирас Қапар, технолог:

- Өндірісімізді ұлғайтайын деп жатырмыз. Соған байланысты бізде 100 шақты орын ашылайын деп жатыр. Сол себепті, біз Маңғыстау облысынан адамдар алып отырмыз. 1 ай көлемінде оқиды. Содан кейін емтихан тапсырады, емтиханнан кейін әр цехқа бөліп береміз. 

Өзге өңірден жұмыс күшін тарту бұған дейін де қолданылып жүрген тәсіл. Көкшетауда соңғы 2 жылда «Жаңа серпін» жобасы аясында 1300 адам жұмысқа орналасқан. 

Қайрат Рысбаев «Жаңа серпін» орталығының директоры:

- Қазіргі таңда тек Маңғыстау облысының аумағымен шектеліп қалып отырған жоқпыз. Қазір Қазақстанның барлық өндірістік аймақтарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, қай жерде өндіріс ошақтары жаңадан салынып жатса немесе кеңейіп жатса, Маңғыстау облысының азаматтарын сол кәсіпорындарға дайындауды қолға алдық. 

60 адам 3 мамандық бойынша білім алады. 1 айдан соң олар оператор, тігінші немесе бағдарлаушы кәсібін игеріп шығады. Бастапқыда жалақы 85 мың теңге шамасында болса, кейін 150 мыңға дейін көтерілуі мүмкін. Кәсіпорын келер жылы да осындай курстар ұйымдастырмақ.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Бөлісу