Өскеменде көмір тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде көмір тапшы

16.11.2017

Қаланың сол жағалауындағы көмір қоймаларында бірнеше күннен бері ондаған көлік кезекте тұр. Мекемені қатты отынмен қамтамасыз ететін «Қара жыра» кен орнында көмір жеткілікті болғанымен, тұтынушыларға дер кезінде жетпей жатыр.

Ұзыннан-ұзақ тізілген көліктер кезекте осымен екінші тәулік тұр. Кейбірі мыңдаған шақырымды артқа тастап, қашықтан арнайы келген. Алайда, әлі де бірнеше күн күтуге тура келетін сыңайлы.

Иван Тимофеев, ЖШС директоры:

- Мына кезекті азайтуға жеткілікті көмір жоқ. 4 күн бойы мүлдем әкелген жоқ. Вагон жетіспеді. Темір жолда дизель отыны болмайды деп ойлаған да жоқпын.

Жүк тасымалдаушы бөлім басшылығы болса, көмір тасымалы кестеге сай жүргізіліп жатқандығын алға тартады. 

Талғат Зияданов, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ «ТС Шығыс Қазақстан бөлімшесі» директорының орынбасары:

- Біз вагондарды уақытында жеткізіп отырамыз. 

Шығыс Қазақстанға бүгінде 830 тонна көмір жеткізілген. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасы «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», дейді. 

Қайрат Оралбеков, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Шамамен 1,5 күн ғана кешікті. Бірақ, оның өзінің себептері бар. Жағдай түзелді. Шағым бар. Біз әріптестерімізбен мониторинг жүргізіп, көмір қоймаларына шығып, бақылап отырмыз.

Ұзынсонар кезекте тұрған көліктердің көмірге қашан жетері әзірге белгісіз. Өйткені, өңірге әкелінген 10 вагон көмір, яғни 700 тонна қатты отын әлден сатылып кеткен. 

Хабарламаларға жазылу