Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында жүгері зауытының кешені іске қосылды

Қызылорда облысында жүгері зауытының кешені іске қосылды

Қызылорда облысы, Сырдария ауданында жүгері өңдеу зауытының алғашқы кешені іске қосылды. Аймақ үшін ауқымды агрожоба өңірде суды аз қажет ететін дақылдарды көптеп өсіруге бағытталған маңызды қадам. Президент Жолдауында осы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін суды үнемді пайдалану, сақтау және терең өңдеу стратегиялық міндет ретінде айқындалды.

Жаңадан қосылған кешенде күніне 1200 тоннадан астам жүгері дақылы кептіріледі. Түркия мен Францияның озық технологиясы орнатылған. Сондай-ақ, 20 мың тонна дайын өнімді сақтайты алып қойма салынған. Бұл жобаның тек бірінші кезеңі. Келер жылы дақылды терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталады.    

Шухрат Құрбанов, агрокешен директорының орынбасары:

Екінші кезең жүгері дәнін терең өңдеу зауыты салынады. Негізгі жүгері дәнін терең өңдейміз 98 пайызға дейін. Біз 20-дан астам зат шығарамыз зауыт қосылған кезде.

Жалпы биыл өңірде жүгері алқабының көлемі 11 мың гектарға ұлғайып, диқандар күзгі жиын-терім науқанында 60 мың тонна өнім жинаған. Шаруашылықтар бұрын жүгеріні қайда өткізерін білмей мал азығына пайдаланатын. Ал енді жаңа агрокешенге дақылдарын сатып, пайдаға кенеліп отыр. 

Бексұлтан Зәннәбиев, диқан:

Биыл алғаш рет жүгері дақылын ектік. 98,3 гектарға егіп, әр гектарынан 8-8,5 тоннадан дән алдық. Осы зауытқа әкеп өткізіп жатырмыз. Келешекте жер көлемін көбейтеміз деп жатырмыз. Өте тиімді. Суды көп керек етпейді.

Сырбойылық диқандар келер жылы жүгері алқаптарын 28 мың гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. Осылайша іргелі агрокешен ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, су ресурстарын үнемді пайдалануға жол ашады.

Бөлісу