Туған ұлынан теперіш көрген 80 жастағы ана «Дағдарыс» орталығының көмегіне жүгінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туған ұлынан теперіш көрген 80 жастағы ана «Дағдарыс» орталығының көмегіне жүгінген

16.11.2017

Алматыдағы «Дағдарыс» бейімдеу орталығына отбасылық зорлық-зомбылықтан зәрезап болғандар жиі хабарласады. Орталық қызметкерлері олардың барлығына қолдарынан келгенше көмек беріп, кеңестерін аямайды. Жақында ғана мұнда туған ұлынан теперіш көрген 80 жастағы кейуана да келген. 5 баласынан рақат көрмеген ақжаулықты ананың алдағы тағдыры не болары белгісіз. Себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға арналған мекемені паналау мерзімі шектеулі.

Гүлбану Мырзахметова жастайынан сауыншы болып, талай жылдар бойы еңбек еткен. Балаларын қатарынан қалдырған жоқ. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бағып-қағып өсірді. Қарт ана бүкіл ғұмырын перзенттеріне арнаса да, сол ұрпағынан бүгін қайыр көрмей отыр.

Гүлбану Мырзахметова, қала тұрғыны (өтінішімен аты-жөні өзгертілді):

- Мас болғанда ұйықтамайды. Бізге де, оған да ұйқы жоқ. Келіп тиіседі маған.

Қайғы жұтқан қарияның барар жер, басар тауы болмаған соң таныстарынан сұрап, бейімдеу орталығына келіпті. Мұнда кейуанаға жатар орын бұйырды. Бірақ, мұнда ұзақ тұра алмайды.

Бұл орталықтан өзгелерден жәбір көрген түрлі-түрлі жандарды кезіктіруге болады. Алайда, ең өкініштісі, мұнда келіп орналасатын адамдардың басым көпшілігі қарт аналар мен жүкті әйелдер. Бүгінгі таңда 50-ден астам орын бар. Десек те, мұнда барлық жағдай жасалған.

Мамандар қиындыққа тап болған жандармен үздіксіз жұмыс істейді. Дәрігерлер де әрдайым қолұшын созады. Оларға моральдық тұрғыда демеу беріп, үйлеріне қайтаруға көмектеседі.

Зульфия Байзақова, «Дағдарыс» бейімдеу орталығының директоры:

- 1 айдың ішінде 500 зорлық-зомбылықтан жапа шеккен жанға кеңес айтып, көмек бердік. 2 адамның ісін сотта қарап, ақтап шығардық. 2 апта ішінде бізді 11 әйел, 13 бала паналады. Біз қорғаны жоқ, басында қиындығы көп азаматтарға барынша қолдау көрсетеміз.

Мамандардың айтуынша, Гүлбану апа сияқты орталыққа күніне 150-ден астам адам телефон шалып, көмек сұрайды. Бірақ, бәріне бірдей жатын орын жоқ.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу