Алматылық жігіт «Google» байқауында алтын жүлделі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық жігіт «Google» байқауында алтын жүлделі болды

16.11.2017

Алматылық жас жігіт GOOGLE компаниясы ұйымдастырған байқаудың алтын жүлдесін ұтып алды. 28 жастағы Еркебұлан Бердібеков «Нейрондық желіні қорғауға арналған» жарыста үздік атану оңай соқпағандығын айтты. Әлем бойынша 107 команда қатысқан сайыста ол Қазақстанның атынан жалғыз өзі бақ сынаған.

Еркебұлан Бердібековтың айтуынша, бүгінде нейрондық желіні алдаудың түрлі тәсілі бар. Мысалы, адамдар экраннан «Панданы» көргенімен, компьютер оны «Гиббон» деп тауып беріп тұр. Яғни, интернет арқылы шабуылдаушылар суреттің пиксельдерін сәл ғана өзгертіп, нейрондық желіні алдаған. Соңғы жылдары пайда болған осы мәселенің шешімін табу үшін «Google» компаниясы биыл алғаш рет ғылыми байқау өткізген.

Еркебұлан Бердібеков, қала тұрғыны:

Бұл нейрондық желінің проблемасын 2013 жылы Ян Гудфеллоу деген атақты ғалым ашты. Ол проблеманы оған дейін ешкім білмеді.

Компьютердің тілін білетін жас жігіт «Сурет арқылы алдау ең қарапайым мысал, ал, күрделі тәсілдер қазір банк жүйесіне ене бастады», - дейді. Сондықтан, ол ойлап тапқан бағдарламасын жұмысында пайдаланып жүр. Кредиттік бюрода қызмет істейтін азамат оны клиенттердің «скорбаллдарын» анықтауда қолданады.

Еркебұлан Бердібеков, қала тұрғыны:

- Банк қарыздар жүйесіне қатысты қате жіберіп қойса, нейрондық жүйе оны түсінбей қалуы мүмкін. Осындай қорғаныштың нәтижесінде нейрондық желі тұрақты болады.

IT маманы Бердібек - әлемде осы саладағы белгілі азаматтардың бірі. «Google» компаниясының «Kaggle» платформасына екі жыл бұрын тіркелген ол осы уақытта 66219 адамның ішінде 127-ші орынға көтеріліпті. Ізденімпаз жігіт бұл бағыттағы жұмысын күн сайын жетілдірумен айналысады. Өйткені, нейрондық желіні қорғау жүйесі ғылыми тұрғыда әлі жан-жақты шешілмеген. Тіпті, көрші Ресейдің мамандары бұған енді кірісіп жатыр. Ал, мұны қазақтың жас бағдарламашысы «шемішкеше шағады».  

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу