Астық тасымалдауға вагон жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астық тасымалдауға вагон жетіспейді

15.11.2017

Биылғы егін ору науқаны табысты болды. Алайда, жыл сайын астықты сыртқы және ішкі нарыққа шығаруда қиындықтар туындап жатады. Өйткені, астық тиейтін жүк вагондары жетіспейді. Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, астықтың басым бөлігі қоймаларда жатып қалады екен. Мысалы, астықты өлке Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде ғана 654 вагон астық кем тиелген. Тасымал вагондардың жетіспеушілігі қостанайлық ұн өндірушілерге де қиын тиіп отыр.  

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:   

 - Қазіргі уақытта астық вагондарының саны 9700-ді құрайды. Осы вагондардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Оның үстіне, болжам бойынша шамамен 7 мыңнан астам жүк вагондары жетіспейді. Оның ішіне арнайы майлы дақылдар, азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын вагондар да кіреді.

Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының президенті Оралхан Құлақов жүк вагондарына қатысты брифинг өткізді. Оның айтуынша, соңғы екі жылдан бері тоқтап тұрған «Екібастұз-вагон» зауыты өз жұмысын қайта бастауы мүмкін. Өйткені, ішкі нарықта жүк вагондарына сұраныс бар.

Дәл қазір 130 мың жүк вагоны бар. Бұл ел аумағы үшін жеткілікті. Бірақ, тауарды экспорттау жолы ұзарып, жүк көлемі артып келеді. Мысалы, бұрын көмір ең ұзағы мың шақырымға дейін тасымалданды. Қазір Балтық елдеріне дейін жетіп отыр. Бұрынғыдай 1 млн емес, 4 млн тонна көмір мыңдаған шақырымға барады. Тіпті, Тынық мұхиты жағалауына дейін жол ұзарды. Ол бағыттағы сұраныс - 2,5 млн тонна.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу