Ақмола облысының әкімі мәселесі көп қараөткелдік тұрғындармен кездесетінін айтты
Астана маңында орналасқан Ақмола облысына кіретін елді мекендерде 13 мектеп, 15 балабақша салынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде биылғы жылдың 10 айын қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин мәлімдеді. Оның айтуынша, елорда іргесіндегі аудандарды дамыту жөнінде облыс әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп, кешенді бағдарлама әзірлеген. Сондай-ақ, өңір басшысы аймақтың даму қарқыны жөнінде есеп беріп, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Астана іргесіндегі ондаған елді мекен Ақмола облысына қарайды. Аймақ тұрғындарының мәселесі шаш етектен. Бірі жолдың жоқтығына назданса, енді біреулері мектеп пен балабақшаның аздығына шағымданады.
Мәлік Мырзалин бұл мәселені Үкіметпен бірлесіп шешіп жатқанын айтты. Ол үшін жалпы құны 105 миллард теңге болатын 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарлама әзірленген. Оның алғашқы кезеңі 20 елді мекенге арналса, екінші кезеңі 34 ауылды қамтып отыр.
Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:
- Ол елді мекендерде халық саны қарқынды өсіп келеді. Мәселен, бағдарлама алғаш басталған 2011 жылдан бері кейбір ауылдағы адам саны үш есеге артты. Нақтырақ айтсам, Қосшыда - 35 мыңға, Қояндыда - 11 мыңға, Талапкерде 13 мың адамға өсті. Сол себепті бағдарламаның кей тұстарына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бірінші кезең инженерлік инфрақұрылымды қамтыса, екінші кезеңде біз мектептер мен балабақшалар тұрғызу мәселесін көтеріп отырмыз. Бағдарламаға сәйкес, бұл аудандарға 13 мектеп пен 15 балабақша салынатын болды.
Өңір басшысы 30 мың тұрғыны бар Қараөткелдегі күрделі мәселелерге қатысты жауап берді. Астанадан 12 шақырым жердегі ауылдың тұрғындары әлі күнге электр энергиясының орнына шам жағып, көшеде балшық кешуге мәжбүр. Тіпті, ауызсу мәселесі де шешілмеген. Әкім бұл проблеманы ретке келтіруге уәде етті.
Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:
- Келесі аптада мен Қараөткелге барып, тұрғындармен кездесемін. Сол жерге электр энергиясы компанияларын, тұрғын үй-коммуналдық қызметінің өкілдерін шақырып, мәселені талқылайық. Журналистер де келсін. Осылай жасағанымыз дұрыс деп ойлаймын.
Бұдан кейін, облыс әкімі аймақтың даму қарқынын баяндады. Өңірдегі салалардың басым бөлігінде өсім бар. Туристік әлеует те артып келеді. Оған «ЭКСПО-2017» көрмесінің септігі бар. Мәлік Мырзалин «енді қызмет сапасын арттыруды қолға алу керек», - деді. Алдымен Астана мен Бурабай тасжолының бойындағы қызмет көрсететін ескі орталықтар жойылатын болды. Оның орнына заманауи мекемелер тұрғызылады. Щучье, Бурабай аймақтарын дамытуға құны 64 миллиард теңге болатын 34 жоба іске асырылады.
Бақытжан ОМАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы