Есік қаласына көгілдір отын келді. Бұған Алматы облысының аудандарын газдандыру мақсатында қолға алынған мемлекет пен жеке сектордың өзара әріптестігі арқылы қол жеткізілді. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» және «АПЛ Констракшн» компанияларының ортақ жобасы арқылы өңірдің екі бірдей ауданы газдандырыла бастады.
Есік қаласы салтанатты түрде газ құбырына жалғанды. Бұған әрине, жергілікті тұрғындар ерекше қуанып жүр. Бағасы аспандап, қол жеткізбей тұрған көмірдің машақаты артта қаларына сене алар емес.
Жайық Алишов, «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры:
- Есік қаласына автоматтандырылған газ таратушы станция салынды. Оның қуаты сағатына 50 мың метр куб газ. Бұл қуат бүкіл Еңбекшіқазақ ауданын қамтиды.
Алма Ашуова енді үйін жылыту үшін көмір тасып, күл шығармайды. Тамақ істеуге де қиналмайды. «Экологиялық таза көгілдір отын тартқызғалы қолым ұзарып қалды», деп қуанып отыр.
Алма Ашуова, Есік қаласының тұрғыны:
- Қазір табиғи газ. Жақсы болды. Қорықпаймыз. Газ келіп тұр. Батареялар жып-жылы.
Қазір Есік қаласының өзінде 7 200 тұрғын үй бар. Ал, жаңадан тартылған құбыр 10 мыңнан астам үй мен 306 коммуналдық-тұрмыстық нысанды газбан қамтуға қауқарлы.
Марсель Кажи, «APL Cоnstruction» ЖШС директоры:
- «APL Cоnstruction» инвесторы арқылы 19 км-ға жуық газ құбырлары салынып жатыр. Жылдың аяғына дейін мың үйге газ беруді жоспарлап отырмыз.
Отандық компания 2020 жылға дейін Еңбекшіқазақ ауданын толық газдандыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Түрген мен Шелек елді мекендері мен Есік, Балбатай селолық округтері де көгілдір отынмен қамтылмақ. Мемлекет пен жеке сектор әріптестігі арқылы осы көктемде Жаркент қаласына да газ жеткізілген болатын.
Мирас МҰҚАШ