Басты Жаңалықтар «Гранд Астана» кешенінің тұрғындары: Үйдің сырты жылтырақ, іші қалтырақ

«Гранд Астана» кешенінің тұрғындары: Үйдің сырты жылтырақ, іші қалтырақ

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында түрлі түйткілдер бар. Әсіресе, тұрғындар мен жеке пәтер иелері кооперативі арасында шешілмеген түйін көп. Мысалы, елордадағы «Гранд Астана» кешенінің тұрғындары «үйді күтіп ұстауға ай сайын қыруар ақшаны құр шығындап отырмыз», деп шағымданды. Олар «үйдің сырты жылтырақ, іші қалтырақ», -дейді. Жалпы, осы бағыттағы мәселені екінің бірі айтады.

Тұрғындарға лифтімен кедергісіз мініп-түсу әзірге мүмкін болмай тұр. Бірақ, «жедел саты қызметін пайдалануға ай сайын 1 млн. теңгенің үстінде төлем жасап отырмыз», - дейді.

Жәмилә Танымова, «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

Қандай жұмыстар?! Ештеңе істелмейді. Әр айда лифт қызметіне ақша төлеп отырмыз. Үлкен адамдар тұрып қалады, балалар қалып қояды.

Ал, техникалық қабат болса жалға беріліп кеткен. Сол себепті, тұрғындар вентиляция жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтіндігін айтты.

Қымбат Ақжан, «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Осы есіктер әрдайым жабық тұрады. Ертең өрт болғанда кісілер қалай шығатынын білмейміз. Бізде вентиляция да істемейді. 

«Гранд Астана» - бұл айнала орналасқан бес үй. 900-дей пәтер иесі «баспананы күтіп-ұстауға ай сайын коммуналдық төлем жүргіземіз», - дейді. Алайда, қызмет көрсетуші мекеме оны ақтамайтынын айтты. Сол себепті, кондоминиум тәсілімен өздері басқаруға келіскен. Қазір қос тарап соттасып жатыр екен.

Ал, мына «Жаңа Әлем» кешенінің тұрғындары төлемдерінің тиынына дейін есептеп, еппен жұмсалуын бақылап отыр. Манат Дүрмағамбетова кооперативтің «е-ПИК» жобасына енгелі бері береке кіргенін айтады. Себебі, электронды жүйе арқылы ашықтық сақталған.

Манат Дүрмағамбетова, «Жаңа әлем» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Тоқсандық есептерін қараймыз. Екі тоқсандық есеп өтті. Қазір КСК жаңадан келген, жарты жыл жұмыс істейді. «Жаңа әлем» деген кешенде 3 млн-нан артық ақша жиналады. Жартысын жұмыскерге төлейді. Сол 1,5 млн. қайда кеткенін біз біліп отырмыз.

Бахтияр Жақұпов, Технологиялық жобаларды сүйемелдеу департаментінің бас менеджері:

- Жоба екі тараптың тығыз байланысына бағытталған. Қандай да бір ұсыныс, талап-тілектер я хабарландыруды ұялы телефонмен де жолдаса болады. Сұраным міндетті түрде тіркеліп, нөмірленеді. Сосын оның іске асырылуы жөнінде ескерту беріліп тұрады. Ал, соңында жұмыс сапасын бағалай аласыз.

Бүгінге дейін елордада 436 кооперативтің 250-ге жуығы жаңа жүйеге қосылған. «Бұл жоба жемқорлықпен күресуге сеп болар еді», - дейді мамандар. Себебі, тұрғындар сайттан қызмет көрсетуші мекеме өкілдерінің әр қадамын көріп отырады. Мүмкін осындай жобадан соң «сырты жылтырақ, іші қалтырақ» үйлер азаяр. 

 

Нысаналы ЫҒЫЛ 

Бөлісу